ПЕРІШТЕ КӨҢІЛДІҢ 90 ЖЫЛДЫҚ ШУАҒЫ

ПЕРІШТЕ КӨҢІЛДІҢ 90 ЖЫЛДЫҚ ШУАҒЫ
Бүгін, 13 ақпан күні аудан орталығындағы жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы мектеп қабырғасында ұлағатты ұстаз, ақын Кама Хабиқызының 90 жас мерейтойына арналған “Періште көңіл - парасат пайымы” атты әдеби-сазды кеш өтті.
Бұл кеш - саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, өшпес өнеге қалдырған аяулы жанға деген шынайы құрметтің көрінісі болды.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Тоқмамбетов Серік Әнуарұлы, Кама Хабиқызының бала-келіндері мен туыстары, ардагер ұстаздар, мекеме және бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты. Кештің алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімінің орынбасары Тоқмамбетов Серік Әнуарұлына беріліп, аудан әкімінің ыстық лебізі мен Алғыс хаты табысталып, мерейтой иесіне арнайы сый-сияпат көрсетілді.
Кеш төрінде Кама Хабиқызымен ұзақ жыл бірге еңбек еткен ардагер ұстаздар - Гүлшат Сәлімгереева, Маржан Бектемісова, Ким Федиянин, Гүлбақша Ерғалиева, Айкөркем Қонақбаева сынды әріптестері естеліктерімен бөлісіп, жүрекжарды тілектерін арнады. Сондай-ақ “АМАНАТ” партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев те ізгі ниеттерін білдіріп, мерейтой иесіне құрмет көрсетті.
Кештің шырайын келтірген ерекше сәттердің бірі - ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші-сазгер, Сырым ауданының құрметті азаматы Жаскелең Ғайсағалиевтің өнер көрсетуі болды. Ол Кама Хабиқызының сөзіне жазылған “Жымпиты- құт мекен” әнін шебер орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Әдеби кеш барысында Сырым аудандық білім беру бөлімі құрастырған ақынның “Ғұмырнама” атты жыр жинағының тұсауы кесілді. Бұл - мерейтой иесінің шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа аманаттаудың жарқын белгісі. Сонымен қатар “Ұстаздардың жанарынан от көрем” өлеңіне жазылған әнді аудандық балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұстазы Алтынбек Қанатқалиев жазып, туындыны орындап, кеш мазмұнын тереңдете түсті.
“Періште көңіл - парасат пайымы” атты бұл тағылымды кеш - ұстаздық жолды ұлықтап, ақындық мұраны ардақтаған, ұрпақ сабақтастығын айшықтаған рухани кеш болды. Кама Хабиқызының ғибратты ғұмыры мен шығармашылығы - өскелең ұрпақ үшін өнеге, ел үшін мақтаныш. Ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын. 90 жас мерейтойыңыз құтты болсын!
 
Құбаева Нұрайлым ✍🏻