Бүгін, 28 қаңтар күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Жұмагелді Батырниязовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Отырысқа аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысып, төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелер қаралды.
Жиын барысында оқыс оқиғалардың алдын алу және төтенше жағдайларға жол бермеу, көктемгі су тасқынының алдын алу, елді мекендерде қар шығару жұмыстарын уақытылы ұйымдастыру, су өткізу арықтары мен каналдарды тазалау мәселелері кеңінен талқыланды. Көктем мезгілінде туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жауапты мекемелерге қарды белгіленген орындарға шығару, су басу қаупі бар аумақтарды ерекше бақылауға алу, қажетті техника мен күш-құралдардың дайындығын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында алдын алу шараларын күшейту, атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі бақылауда ұстау, ғимараттар мен құрылыстарды жобалау және салу кезінде Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі”Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы” заңының, сондай-ақ қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарын қатаң сақтау қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар, құрылыс-монтаждау жұмыстарын тек білікті мамандардың орындауы, құрылыс сапасына тұрақты әрі жүйелі бақылау жүргізу - қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты шарты екені айтылды. Комиссия отырысы қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар айқындалды.