Ағымдағы жылдың 15 - 16 қаңтар күндері Орал қаласында жастар арасында 17 - 18 жас санаты бойынша шағын футболдан өткен “Еңбек кубогі – 2026” ашық қалалық турнирінде Сырым ауданының командасы жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Бұл жеңіс – кездейсоқ емес. Аталған команда құрамының негізгі бөлігі өткен жылы футзалдан 17 жас санаты бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын. Биылғы турнирде де олар ұйымшылдық пен шеберліктің, табандылық пен жеңіске деген жігердің нағыз үлгісін көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша команда ойыншылары жеке марапаттарға да ие болды:
Мәдиұлы Мәдениет – “Үздік сұрмерген”, Болат Фархат – “Үздік ойыншы номинациясына лайық деп танылды. Команданың жеңіске жетуіне кәсіби біліктілігімен, жүйелі дайындығымен және зор жауапкершілігімен үлес қосқан жаттықтырушылар - Чукуров Руслан мен Бекниязов Бекзаттың еңбегі ерекше атап өтуге лайық.
Сырым ауданының намысын абыроймен қорғаған жас спортшыларды, жеке жеңімпаздарды және жаттықтырушыларды айтулы жеңіспен шын жүректен құттықтаймыз. Алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындырып, ел мерейін асқақтата берулеріне тілектеспіз!
Нұрайлым Қуандыққызы
