Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спортты дамытуға қосқан зор үлесі үшін жерлесіміз Нұрмұханов Әскербек Бақытжанұлына “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы” құрметті атағы берілді.
Әскербек Бақытжанұлы - сурдо дзюдо спорт түрі бойынша ел намысын қорғап жүрген чемпиондарды тәрбиелеген кәсіби жаттықтырушы. Ол 1982 жылы 23 ақпанда Сырым ауданы, Жосалы ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетін тәмамдап, Сырым ауданындағы спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек жолын бастаған.
Әр жылдары БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасында жетекші маманнан бөлім басшысына дейінгі лауазымдарды абыроймен атқарып, 2021–2025 жылдары мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған облыстық спорт клубының директоры болды. Қазіргі уақытта Әскербек Бақытжанұлы Орал қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарып келеді.
Жерлесімізді шын жүректен марапатымен құттықтаймыз. Еңбегіңіз елене берсін!