“ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ҒАЖАЙЫПТАР” АТТЫ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕРТЕҢГІЛІК

“ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ ҒАЖАЙЫПТАР” АТТЫ ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕРТЕҢГІЛІК
Бүгін, 29 желтоқсан күні Сырым аудандық мәдениет үйінде ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін жарқын әрі әсерлі жаңа жылдық ертеңгілік өтті. Мерекелік кешті аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырып, аудандық демалыс орталығының дайындаған концертімен бүлдіршіндерге ерекше әсер қалдырды.
Шараға аудан әкімі Батырниязов Жұмагелді Жолдыбайұлы қатысып, бүлдіршіндерді жаңа жылмен құттықтап, ақ тілегін арнады. Сонымен қатар, аудан басшысы балалармен бірге шырша айналып, би билеп, қуанышқа толы сәттің куәсі болды.
Ертеңгілік кеш Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен өткен қойылыммен жалғасты. Балалар белсенді түрде ойындарға қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Тақпақ айтып, ән шырқап, би биледі. Шара соңында барлық бала тәтті сыйлықтарға ие болып, жаңа жылды ерекше көңіл-күймен қарсы алды.
Мерекелік фуршет те балалардың көңілін көтеріп, ерекше күнді дәмді сәттермен әрледі. Жалпы, кешке ауданнан 30-ға жуық бала қатысып, ұмытылмас әсер алды.
Ерекше күтімді қажет ететін балаларға қуаныш сыйлап, олардың жүрегіне жылу ұялата білген бұл кеш - шынайы адамгершілік пен қоғамның бірлігін білдіретін тағылымды іс болды. Бүлдіршіндердің жүзіндегі қуаныш - ең үлкен марапат!