Жымпиты жерінде аудандық қоғамдық-саяси газеттің 95 жылдығына орай өткен тағылымды іс-шаралар кейіпкерлермен кездесу кешімен қорытындыланды. "Газет тойы - оқырман тойы" десек, бұл басылым мен бұқараның берік байланысын көрсеткен басқосу болды.
Газет табыстырған тағдырлар, өмірі осы басылыммен бірге өрілген қарымды қаламгер Махмет Қажиахметов пен кезінде корректор болып еңбек еткен Ботагөз апамыздың жарқын естеліктері, ақ батасымен басталған кездесу ұрпақтар сабақтастығы үлгілі үрдіске айналғанын аңғартты.
Қадыр ақын атындағы мектеп оқушысы Айшаның өнеріне көпшілік қуана қол соқты. Ол өлеңдеткенде ерекше толқыдық. Өзіңіз ойлап көріңізші, кіп-кішкентай қыз 11 отаны еңсерген. "Сырым елі" газетінің жауапты хатшысы Шынар Молданиязова бұрымдының дертіне дауа іздеп, басылым бетінде бірнеше рет мақала жазды. Еңбек еш кеткен жоқ. Жұртшылықтан жылу жиналды. Алла қолдап, халықтың қызына айналған Айша ауруды жеңіп шықты.
Тағы бір кейіпкер - армрестлингтен әлем чемпионатында атой салған спортшы Гаухар Рустамова. Жымпитылық журналистердің жерлестерінің жарқын жетістіктерін жариялап қана қоймай, мәселелеріне де мән беретіні қуантты. Гаухардың жоғары оқу орнына түсе алмай жүргенін анықтаған әріптестеріміз "Медаль бар, грант жоқ" деген мақаланы баспай ма?.. Айжан қарындасымыздың үндеуінен соң күн ұзамай кәсіпкерлердің бірі спортшының оқу ақысын төлеп беріпті. Сөйтіп, Гаухарға да газет көмектесті.
Журналист Мүсірбек Айташевтың "Орманшы орманды қорғайды, ал орманшыны кім қорғайды?" деген мақаласынан соң орманшылардың жағдайы оңала түскенін табиғат сақшыларының өз аузынан естідік. Бас редактор Бауыржан Ширмединұлының колледжге жатақхана керек деп дүркін-дүркін дабыл қаққанына да, газет көтерген мәселе оң шешілгеніне де куәміз.
Біз ғасырға жуық тарихы бар газеттің кейіпкерлеріне қатысты мың мысалдың бір-екеуін ғана келтірдік. Басылым сауапты істердің бастамашысы бола жүріп, республикалық деңгейде де дараланған. Бүгін де сол биігінен түскен жоқ. ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын аудандық газет ардагерлері мен саптағы сарбаздардың қалтқысыз қызметіне құрмет деп қабылдадық.
Ағалар аманатына адалдық танытып, тізгінді берік ұстаған бас редактор, ақын, жазушы, күні кеше Мемлекет басшысының жарлығымен Президенттік әдеби сыйлықтың иегері атанған Бауыржан Ширмединұлының шақыруымен біз де той төрінде болып, қуанышқа ортақтастық. Бай шежірелі басылымның оқырманы ортаймасын! Газет қызметкерлерінің қаламы мұқалмасын, қалтасы жұқармасын! Бізден тілек осы.