“СЫРЫМ ЕЛІ: ЖЫЛДАР МЕН ЖОЛДАР” қоғамдық - саяси газеттің 95 жылдығына арналған оқырмандармен кездесу кеші өтті

“СЫРЫМ ЕЛІ: ЖЫЛДАР МЕН ЖОЛДАР” қоғамдық - саяси газеттің 95 жылдығына арналған оқырмандармен кездесу кеші өтті
Шаралар ауқымы аудандық мәдениет үйінде “Сырым елі” қоғамдық-саяси газетінің алғашқы саны жарық көргеніне 95 жыл толуына және Жымпиты өңірінде баспа ісіне 105 жыл толуына арналған “Сырым елі: жылдар мен жолдар” атты оқырмандармен және басылым кейіпкерлерімен тағылымды кездесу кешімен қорытындыланды.
Шараның шымылдығы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ауданымыздың “Құрметті азаматы” ақын Махмет Қажиахметов пен жары Ботагөз ханыммен өткен жылы сұхбаттан басталды.
Кеш барысында “Сырым елі” газетінің жауапты хатшысы, тілші Шынар Молданиязова газеттегі сериялы мақалалар төңірегінде сұхбат беріп, мақалаларымен бөлісті.
Мерекелік басқосуда аудан әкімі Батырниязов Жұмагелді Жолдыбайұлы, БҚО қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Шукеева Гүлжанар Болатқызы, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Қайырлиев Серік Ерболатұлы, Қаратөбе ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Сафуллин Нұртас Набиоллаұлы, “Қаратөбе өңірі” газетінің бас редакторы Қойшекенов Бекжан Тұрсынғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, сый-сияпаттарын табыстап, газеттің ел өміріндегі маңызды рөлін атап өтті.
Шара барысында “Сырым елі” газетінің қызметкерлері мен бірқатар азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаты мен марапаттары табысталды. Сондай-ақ, Казталов және Қаратөбе аудандары әкімдерінің, “Жайық Пресс” ЖШС директоры Д.Оразовтың құттықтау хаттары тапсырылды.
Айрықша сәттердің бірі - ардақты азамат, редакцияның көлік жүргізушісі - Құспанов Темірболат Көпешұлына “Сырым ауданының құрметті ардагері” төсбелгісінің табысталуы болды. Төсбелгіні аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев салтанатты түрде тапсырды. 95 жылдық шежіресі бар басылымның тарихына құрмет білдірілген бұл кеш - елмен етене, жұртпен жақын “Сырым елі” газетінің тағылымды жолын тағы бір мәрте айшықтады.
 
Құбаева Нұрайлым