ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ҚОҒАМ ТАЛҚЫСЫНДА

ҚЫЗМЕТ САПАСЫ ҚОҒАМ ТАЛҚЫСЫНДА
Аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, оған кеңес мүшелері, мекеме басшылары мен сала жетекшілері қатысты. Жиынға қоғамдық кеңес төрағасы Асхат Дүйсенғалиев төрағалық етті.
Күн тәртібіне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер енгізілді.
Алғашқы болып аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айболат Нұрмұханов саланың негізгі көрсеткіштері мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жұмыстарды баяндады. Қоамдық кеңес мүшелерін такси бағасының қымбаттауы алаңдатып отыр. Бұл мәселеге қатысты бірқатар сұрақтар, қойып, талқыға салынды. Патентсіз таксиге жүруге тыйым салу, жолаушылардың мінген көлігі такси екенін жасырмауы, такси бағасын қымбатсынып, көлікке халықтың отырмауы қажеттігі айтылды. Таксилердің заңсыз қызмет көрсететінін сотта дәлелдеу қиынға соғып тұр, өйткені жолаушылар көлік жүргізушіні «таксист» деп емес, «туысым» деп көрсетуде.
Келесі кезекте денсаулық сақтау саласындағы жұмыстар туралы Сырым аудандық ауруханасының директоры Елдос Мағзом баяндама жасады. Ол медициналық қызмет көрсету сапасы, материалдық-техникалық база және кадрлық қамтамасыз ету мәселелеріне кеңінен тоқталды. Елдос Нұрпейісұлының сауатты, жан-жақты жасалған баяндамасы қоғамдық кеңес мүшелерінің көңілінен шықты. Аудандағы перзентхананың жабылып қалуы, аурухана ғимаратының жылыту құбырларын жөндеу мәселелері сөз болды. Акушер-гинеколог, дерматолог-венереолог, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, онколог, рентгенолог дәрігерлер ауданға қат болып тұр. Қазіргі жүйе бойынша қариялар ауруханаға жатқызылмайды, оларды қарайтын герантолог дәрігер де ауданда тапшы.
Отырыста қоғамдық тәртіп пен қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Сырым аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Бекболсын Меңешов аудан аумағындағы криминогендік ахуал мен қабылданып жатқан алдын алу шаралары туралы баяндады. Бүгінде ауданда осыған дейін 32 бейнебақылау камерасы жұмыс жасап келсе, тағы 72-сі қойылды. Және 50 бейнебақылау камерасына сұраныс берілді.
Сырым аудандық электр торабының басшысы Берік Ізмағамбет аудан бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Баяндамашы электр желілерін жаңғырту, ақаулардың алдын алу және тұрғындарды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету бағытында атқарылған шараларға тоқталды.
Сонымен қатар, Сырым аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Артур Искаков 2025 жылдың он бір айында көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша есеп берді. Бұл бағытта құрылысқа рұқсат беру, жер қатынастары және қала құрылысы құжаттамалары бойынша атқарылған жұмыстар сөз болды.
Күн тәртібіндегі алтыншы мәселе бойынша Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Ержан Жонисов ауылдық округ деңгейінде 2025 жылдың он бір айында көрсетілген мемлекеттік қызметтер туралы есеп ұсынды.
Қоғамдық кеңес отырысында аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың маңыздылығы атап өтіліп, алдағы кезеңге арналған жоспарлар айқындалды. Жиын соңында аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қорытындылап, кеңес мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, көтерілген мәселелер бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді