ЕРЛІК АНАДАН БАСТАУ АЛАДЫ

ЕРЛІК АНАДАН БАСТАУ АЛАДЫ
Сырым аудандық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Бекболсын Меңешов полиция саласының ардагері Марат Серғазиевтің анасы Хадиша Ермековаға «Офицердің анасы» төсбелгісін салтанатты түрде табыстады. Бекболсын Махамбетұлы Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің арнайы құттықтауын жеткізіп, ел тыныштығын сақтау жолында табанды азамат тәрбиелеп өсіргені үшін құрмет пен алғысын білдірді.
Темірдей тәртіпті талап ететін, қызығынан гөрі жауапкершілігі басым салада ұлын ел бейбітшілігінің күзетшісі болуға баулыған ананың еңбегі – қай кезде де ерекше құрметке лайық. «Офицердің анасы» медалі – осы еңбектің, төзім мен жүрек жылуының, ұлтқа қызмет ететін ұл тәрбиелеудің белгісі. Төсбелгіде офицердің анасына гүл шоғын ұсынып тұрған бейне бедерленген. Бұл – аналық мейірімге, шыдамдылыққа, азамат қалыптастыру жолындағы ерен еңбегіне деген ризашылықтың көрінісі.
83 жастағы Хадиша Ермекова – 9 ұлдың аяулы анасы. Марат – алтыншы перзенті. 38 жасына дейін балаларын бағып-қаққан Хадиша әже кейін тұрмыстық комбинатта тігіншілікпен айналысқан. Бүгінде кенже ұлы Аманжол мен келіні Гүлназдың қолында. Немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты әже.
Айта кетейік, Марат Тасеменұлы Серғазиев 1972 жылы Жымпиты ауылында дүниеге келген. 1979–1989 жылдары Жымпиты орта мектебінде білім алып, кейін Қарағанды педагогикалық техникумына оқуға түсті. Арада бір жыл өткен соң әскер қатарына шақырылып, 1990–1992 жылдары Отан алдындағы борышын абыроймен өтеді. Елге оралған соң оқуын жалғастырып, 1994 жылдан бастап күндіз білім алып, кешкі уақытта күзет милициясында сержант шенінде қызмет етті.
1995 жылы техникумды тәмамдаған соң Қарағанды қаласында, кейін ауылдарда учаскелік милиция инспекторы болып еңбек етті. 1999 жылы туған өлкеге оралып, ішкі істер саласында түрлі қызмет атқарды. Қызметін атқара жүріп, жоғары білім алып, кәсіби біліктілігін шыңдады. 2017 жылы зейнетке шыққан ол – бүгінде өңірдің қадірлі ардагерлерінің бірі.
Хадиша әженің төсіне тағылған «Офицердің анасы» төсбелгісі – бір әулеттің ғана емес, елге қызмет еткен ер-азаматтарды тәрбиелеген барлық аналарға көрсетілген құрметтің символы. Бұл марапат — ананың жүрегіндегі мейірімнің, ұлдың елге деген адалдығының, ұрпаққа үлгі болып қалатын өмір жолының айқын белгісі.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВ