Сырым ауданының орталығы Жымпитыда балаларға арналған ойын және спорт алаңы пайдалануға берілді.
Кешеннің лентасын қию құрметі Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовқа, көше тұрғыны Мәншүк Жұмалиеваға және садақ атудан ел чемпионы, Оңтүстік Кореяда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Мұрат Лұқпановқа ұсынылды.
Жұмагелді Батырниязов ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Жымпиты ауылының әр шетінде балаларға арналған нысандар игілікке ұсынылып жатқанын, басты мақсат - өмір сүру сапасын арттыру мен қауіпсіздік екенін айтты.
Биыл Сырым Датұлы атындағы мәдени - демалыс саябағындағы ауласындағы спорт алаңы жөнделуде. Сондай алаңды Мұхит, Қажымұқан көшесінің тұрғындары өз күштерімен салып жатыр.
С. Сейфуллин көшесінде орналасқан нысанның ішінде балаларға арналған жұмсақ жабынды алаң, шағын футбол алаңы және көше спортына арналған құрылғылар бар. Кешенде ойын балалары мен спортқа құштар жастарға ғана емес, жанға тыныштық іздеген тұрғындарға да жайлылық табылады. Өлеңті өзенінің жағалауынан ескен самалды жұтып, скверде демалуға болады.
Жобаның құны - 77 млн. Құрылысты мерзімінде әрі тиянақты аяқтап тапсырған мердігер “TABYS QYRILIS” ЖШС өкілдері көше балаларына доптар және спорттық жейделер сыйлады.
Нысанның ашылуы құрметіне С. Сейфуллин көшесі бойына киіз үй тігіліп, келушілерге бауырсақ пен көже ұсынылды. Мәдениет үйінің әншілері өнер думанын жасады.
Жаңа алаңда “Қайсар” спорт клубы спорттық жарыстар ұйымдастарды. Балалар футбол ойнап, зейнеткерлер дартс нысанасын көздеді.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы