Қазақстан Республикасының жас суретшілер бірлестігінің мүшесі, Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының тумасы, дарынды суретші Мұратбек Тауфиқұлы Жоламановты еске алуға арналған «Құлагер ғұмыр» атты аудандық сурет байқауы өтті.
Талантты суретші Мұратбек Жоламановтың өмірі мен өнерін дәріптеуге арналған тағылымды байқауды Сырым аудандық «Балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы» ұйымдастырды.
Дарынды суретші Мұратбек Жоламанов тірі болса, биыл 59 жасқа толар еді. Бар болғаны 34 жыл ғана өмір сүрсе де, ол халқымыздың жадында мәңгілік сақталатын туындылар қалдырды. Суретші шығармаларының негізгі бағыты — тарихи тақырып. Ол әр туындысы арқылы туған жеріне, халқына деген сүйіспеншілігін, ұлтжандылығын көрсете білді
Байқаудың ашылу салтанатында білім беру бөлімінің қосымша білім беру әдіскері Әсел Бекмұханова қатысты. Мұратбектің ағасы Жалғас Жоламанов пен балалар-жасөспірімджер шығармашылық орталығының директоры Бейбіт Батыршин суретшінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Аружан» би ансамблі орындаған «Самал қыз» биі көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Аудандық демалыс орталығының суретші-дизайнері Арнұр Қажымов, балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының «Жас техник» үйірмесінің жетекшісі Нұрбол Жәңгірханов, Қ.Мырзалиев атындағы мектептің сурет пәні мұғалімі Болат Кубаев, Мұратбек Жоламановты еске алу мақсатындағы «Құлагер-ғұмыр» сурет байқауының әділқазылар алқасы құрамында болып, балалардың өнерін бағалады.
10-11 сыныптар арасындағы байқауда 1-орынды А.Жұмағалиев атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің оқушысы Әдиет Закария, 2-орынды Бұлдырты жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Гауhар Бекенова, 3- орынды Қ.Мырзалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің оқушысы Мөлдір Ғабдел иеленді.
7-9 сыныптар арасынан Балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының шәкірті Нұршаттық Мустафа 1 орын, Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің оқушысы Мади Сериков 2-орын, Абай орта мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің оқушысы Сағадат Аубакир 3- орынға ие болды.
Шынар ЯУДАҚЫЗЫ