БІР ДАУЫС – МЫҢ ҮМІТ

БІР ДАУЫС – МЫҢ ҮМІТ
БІР ДАУЫС – МЫҢ ҮМІТ
Сырым ауданында №1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттың шығып қалған депутатының орнына өтетін сайлауға дайындық мәселелері талқыланды. Осыған орай аудан басшылығы мен құқық қорғау органдарының қатысуымен кеңес өтті.
Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов, Орталық сайлау комиссиясы аппаратының электораттық процестерді ұйымдастыру бөлімінің басшысы Түсіп Рыспеков, және заң бөлімінің басшысы Бауыржан Тұрғанбаев қатысты.
Шавхат Өтемісов өз сөзінде өңірлерге келген сапардың басты мақсаты тексеру емес, сайлау комиссияларына әдістемелік әрі ұйымдастырушылық көмек көрсету екенін атап өтті:
– Өңірде пилоттық режимде сайланған үш аудан – Қаратөбе, Тасқала және Бөкей ордасы бар. Сіздің ауданда да аудандық мәслихат депутаттары сайланады. Біздің мақсатымыз – әріптестерімізге қолдау білдіру, комиссия мүшелерінің жұмысын жетілдіру және сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне ықпал ету. ҚР «Сайлау туралы» Заңына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін жасап, сайлау учаскелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуі тиіс. Сайлаушылардың дауыс беруіне барынша қолайлы жағдай жасалуы қажет, – деді ол.
Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязов сайлау учаскелерінің дайындығы жөнінде баяндама жасады.
– 26 қазан күні Сырым аудандық мәслихатының №1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайлау өтеді. Бұл округтің құрамына Алғабас ауылдық округінен – Алғабас, Сасықкөл, Жаңаөңір ауылдары және Бұлан ауылдық округінен – Жамбыл ауылы кіреді. Аталған елді мекендерде үш сайлау учаскесі жұмыс істейді: №316 сайлау учаскесі – Алғабас ауылдық мәдениет үйінде, №317 – Жаңаөңір ауылдық медициналық пунктінде, №295 – Жамбыл негізгі мектебінде орналасқан.
Барлық учаскелер материалдық-техникалық тұрғыда толық қамтамасыз етілген. Мүгедектігі бар 11 сайлаушыға арнайы жағдай жасалған. Учаскелердің барлығы бірінші қабатта, пандустармен және ыңғайлы кабиналармен жабдықталған. Әр ауылда үгіт материалдарын орналастыруға арналған төрт ақпараттық тақта орнатылды. Сонымен қатар кандидаттардың сайлаушылармен кездесуіне арналған үш орын белгіленді – Алғабас ауылдық мәдениет үйі, Жаңаөңір ауылдық медициналық пункті және Жамбыл ауылдық клубы, – деді аудан әкімі.
Бүгінде №1 сайлау округі бойынша 947 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде Алғабаста – 716, Жаңаөңір мен Сасықкөлде – 97, Жамбылда – 134 сайлаушы бар. 32 студент, 6 вахталық жұмыстағы және 4 әскер қатарына шақырылған азаматтар бар. Ал ауылдан тыс тұратын 89 адамның есебінен жалпы 13,7 пайыз сайлаушының сайлауға қатыспайтыны анықталған.
Сырым ауданының прокуроры Ершат Қамбетов сайлау заңнамасын сақтау мәселелеріне тоқталды.
– Біздің ортақ міндетіміз – сайлаудың заңдылығын қамтамасыз ету. Дауыс беру кезінде бөгде адамдардың сайлау үй-жайларында болуына жол берілмейді. Уәкілетті тұлғалар – бақылаушылар, БАҚ өкілдері, сенім білдірілген адамдар мен комиссия мүшелері ғана бақылауға қатыса алады. Мүгедектігі бар азаматтарға дауыс беруге кедергісіз қолжетімді орта жасалуы тиіс. Тәртіпке жауапкершілік комиссия төрағасына жүктеледі. Полиция тек төрағаның шақыруымен ғана кіре алады. Әкімшілік немесе қылмыстық заң бұзушылық анықталған жағдайда әр азамат прокуратураға немесе сотқа жүгіну құқығына ие, – деді ол.
Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Амангелді Мекин сайлау кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады.
– Сайлау бюллетеньдерін жеткізу және сақтау арнайы күзетпен жүзеге асырылады. Полиция қызметкерлері учаскелік комиссиялардың жұмысына араласпайды, тек шақыру болған жағдайда ғана келеді. Қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда дереу шара қабылданады. Бұған дейін аудан аумағында сайлау кезінде тәртіп бұзушылықтар тіркелген жоқ, – деді ол.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейірбек Хасанов сайлау комиссияларының құрылымы мен қызметі туралы баяндады. Қазір ауданда барлығы 37 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 1 аумақтық, 1 облыстық-округтік, 11 аудандық және 24 учаскелік комиссия бар. Барлығы 201 адам қызмет атқарады. 2023 жылы аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында комиссиялардың жаңа құрамы бекітіліп, 7 аудандық және 143 учаскелік комиссия мүшесі қайта жасақталған. Құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған семинарлар жүйелі түрде өткізіліп келеді.
2024 жылы Сырым аудандық сайлау комиссиясы сайлау учаскелерінің тиімділігін арттыру мақсатында талдау жүргізіп, №313, №318 және №322 учаскелерін жабу жөнінде ұсыныс енгізген. Бұл ұсыныс ауыл тұрғындарының Орал қаласына қоныс аударуына байланысты сайлаушылар санының азаюымен түсіндірілді.
Жиналыстан кейін сайлау комиссияларының мүшелері үшін оқыту семинары ұйымдастырылды. Онда сайлау науқанында кездесетін жағдайларды заң шеңберінде шешу жолдары талқыланды.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов Алғабас ауылына барып, №1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша өтетін сайлауға дайындық барысын көзбен көрді.
Айта кетейік, Сырым аудандық мәслихатының №1 сайлау округі бойынша сайлау 2025 жылдың 26 қазанында өтеді.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА