ҚАДЫРДЫ ТІРІЛТКЕН ҚОЙЫЛЫМ
Сырым елі қыркүйектің 20-сы күні ұлы ақын Қадыр Мырза Әлі рухымен тағы да қауышқандай күй кешті. Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы Жымпиты аудандық мәдениет үйінде «ҚАДЫР-АДАМ» атты драма-реквиемнің премьерасын сахналады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Нартай Сауданбекұлының қаламынан туған бұл туынды көрермен жүрегін тебірентті. Қойылымға пьеса авторының өзі арнайы қатысып, ел-жұртымен бірге Қадыр рухына тағзым етті. Сондай-ақ ақынның мерейтойына жиылған қауым сахнадан өрілген сырлы сәттердің куәсі болды.
Драма-реквиемді театрдың бас режиссері, өнертану магистрі Алмат Шарипов сахналап, ерекше тыныс берсе, сахналық көркемдеуін «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мұрат Мамбетов жасады. Сазбен көркемдеуші Дәулет Екпінов болса, балетмейстері — Әсел Дәулетова.
Бір сағат жиырма минутқа созылған қойылымда ана қадірі, адамдық болмыс, ақындық мұң мен шығармашылық қасірет, жоғалтқанды жоқтау, рухани ізденіс пен өшпес мұра тақырыптары тоғысты. «ҚАДЫР-АДАМ» – ұлы ақынның тұлғалық қыры мен шығармашылық тағдырына арналған сахналық туынды.
Сырым топырағында сахналанған «ҚАДЫР-АДАМ» драма-реквиемі көрерменді ақынның жүрек соққан ғұмырына, жан-дүниесінің тереңіне жетеледі. Пәлсапаға тұнып тұрған драма көптің көңілінен орын тапты. Премьерада Қадырды көз алдымызда тірілткен әртіс — «Мәдениет майталманы» медалінің иегері Жамбыл Зайып.
Қойылым ақынның жүрегі сыр беріп, жан сақтау бөліміндегі ауыр сәтінен басталды. Сахнадағы әрбір эпизод Қадыр Мырза Әлінің тағдыры мен тағылымын, қуанышы мен қасіретін айнадай ашып көрсетті.
Бір сәтте ол мектепке барып, жас ұрпақпен жүздеседі, оқушылардың сауалына жауап береді. Ақын Мұқағали жайлы ойын айтқанда, «Мұқағали менен өліммен озды» деген сөзі залды үнсіз қалдырды. Дегенмен, сұхбат алушының «Мені әкем, анам неге тастап кетті?» деген сұрағы Қадырдың жүрегіне жүк болып, кенеттен ұстап қалғандай әсер берді. Бұл сахна көрермен көңілін қысып, жүрекке ауыр ой салды.
Қойылымда Қадырдың балалық шағы да бейнеленді. Боранды күнде талонға берілетін нанға кезекке тұрып, үлкендерден әлімжеттік көрген кезі сахналық әсермен өрнектелді. «Нан кезегінде тұрып жығылған бала менмін. Айтқым келмейді. Жеңгеңнен басқа ешкім білмейді», – деген ақынның жан сыры елдің жүрегін сыздатты.
Драма желісінде Қадырдың рухани әлеміндегі биік тұлғалар да бой көрсетті. Ағрафта ол Бердібек Соқпақбаевпен сырласып, әдебиет пен уақыт жайлы ой толғады. КГБ-ның ізінен ілік таппай, ақынның шынайы адалдығын мойындаған сәті де сахналық шешім тапты.
Ең әсерлі тұстардың бірі – ақынның Шыңғысханмен жолығып, ел тағдыры туралы сұхбаттасуы. Бұл көріністе Қадырдың ұлт алдындағы жауапкершілігі, тарихи ойлау кеңдігі ерекше айшықталды. Ал Абай Құнанбаев сахнаға шыққанда, ақынның оған бетпе-бет жолығуға дәті жетпей, «Абайдай ұлы ақынға өзімді кіммін деп айтамын» деген іштей күресі сахналанды. Жан тапсырар сәтінде анасымен сырласып, оның ақ жаулығы желбіреп: «Кештім!» деген сөзі көрерменнің көзіне жас үйірді.
«ҚАДЫР-АДАМ» – тек қойылым емес, ол жүректерге ой салған рухани сапар болды. Ақынның өмірінен алынған әрбір көрініс ұлттың рухани жадын қозғап, Қадырдың ақындығы ғана емес, адамдық болмысы, жүрек қасіреті, ел алдындағы адалдығы шынайы күйде ашылды.
Қойылым соңында залдағы көрермен орнынан тік тұрып қол соғып, ақынға, қойылымға деген құрмет пен ықыласын білдірді. Жымпиты топырағында өткен бұл мәдени шара елдің есінде ұзақ сақталары анық.
Драма-реквием аяқталған соң, Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязовтың атынан театр ұжымына ықылас гүлі ұсынылды. Аудан басшысы қойылым авторы Нартай Сауданбекұлына және режиссері Алмат Шариповке, Қадырды сомдаған Жамбыл Зайыпқа, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының басшысы Нұржан Тасболатовқа елдің атынан құрмет көрсетті. БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев бірқатар азаматтарға Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған мерекелік медаль мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарыққа шыққан «Қадыр» ғылыми-қоғамдық журналын табыс етті.
Шара соңында сөз алған Нартай Сауданбекұлы:
—Қадыр өте сақ, бәрін заңмен жасайтын, кірпияз жан. Оған қай жағынан келеріңді білмейсің. Драматург пьесасын жақсы режиссерге жолықсын деп тілейді. Қойылым ғұмырлы болсын! Жақсы режиссерларыңыз құтты болсын!-деді.