Бүгін Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов
жымпитылық көп балалы ана Жұлдыз Оразғалиева «Күміс алқа» мемлекеттік наградасын табыс етті.
Аудан басшысы алтын құрсақ анаға ізгі тілегін білдіріп, демографиялық саясатқа үлес қосып, саналы ұрпақ тәрбиелеп келгені үшін алғысын жеткізді.
Жұлдыз Есенжолқызы 6 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсіріп отырған ана. Жолдасы Айбол Оразғалиев - Сырым ауданы А.Шайхиев атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінің жаттықтырушысы болып жұмыс жасайды. Олар балаларының жақсы білім алуына және тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Қыздары Зере, Айша, Дана жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің оқушылары. Қыздары оқу озаттары, мектепте өтетін әр түрлі олимпиадаларға, байқауларға үнемі қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Ортаншы қыздары Мерей мен Томирис үйде ата-анасының қамқорлығында.
Бұл отбасының қыздары тәрбиелі, кішіпейіл, сыпайы болып өсіп келе жатыр, мектепте сабақ үлгерімдері жақсы. Үлкен қыздары анасына көмектесіп, кішкентай бауырларына қамқор.
Оразғалиевтер жанұя - елге сыйлы шаңырақ.