ЖЕТІКӨЛДІКТЕРДІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ — ЖОЛ МЕН БӨГЕТ

ЖЕТІКӨЛДІКТЕРДІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ — ЖОЛ МЕН БӨГЕТ
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Сырым ауданына сапармен келіп, Жетікөл ауылдық округінің орталығы Қосарал ауылында жергілікті тұрғындармен жүздесті. Алдымен аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов Сырым елінің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын баяндады. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірде атқарылып жатқан істерді атап өтті.
Жетікөл ауылдық округінде мыңнан астам адам тұрады, олардың негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы.
Кездесу барысында ауыл халқы екі басты мәселені көтерді: мал суарып, көлге су шығаратын бөгет мәселесі және Қосарал ауылына дейінгі жолдардың жөнделуі. Өңір басшысы жолдың да жөнделіп, бөгеттің де мәселесі шешілетінін айтты
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары өзге де әлеуметтік мәселелерді қозғады. Оның ішінде медициналық жедел жәрдем көлігі және Сырым орта мектеп-балабақша кешеніне көлік қажеттігі айтылды.
Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, мұң-мұқтажына құлақ түрді.
Одан кейін өңір басшысы Бұлан ауылдық округіндегі екі нысанды аралады. Біріншісі – «Береке» шаруа қожалығы. Мұнда Мейрамбек Мамбетияров сүт бағытындағы ірі қара өсіреді. Екінші нысан – «Syrym-fish» балық шаруашылығы. Кәсіп иесі Дәурен Жұматаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 23 миллион теңге несие алып, стерлядь және карп балықтарын өсірумен айналысуда.
Бұл іссапар барысында аймақ басшысы көтерілген мәселелерді назарға алып, оларды шешу жолдарын қарастыратынын айтты.
Облыс әкімінің Сырым ауданына сапары туралы толығырақ «Сырым елі» газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА