ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫ ҚАЖЕТ ПЕ? ЖӨНДІ ЖҰМЫСШЫ ҚАЖЕТ ПЕ?

ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫ ҚАЖЕТ ПЕ? ЖӨНДІ ЖҰМЫСШЫ ҚАЖЕТ ПЕ?
 
Ауданымыздағы Жырақұдық пен Қособа ауылдары бүгінде аудан жұртшылығының жіті назарын аудартып отыр. Бүгін аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов бастаған жұмыс тобы ауылдағы денсаулық, білім және мәдениет саласына жауапты нысандарды аралап, ғимараттардың жағдайын аяқтай барып тексерді.
Ғимараттардың ішкі жай-күйі көңіл көншітпейді. Есігі сықырлап, терезесі сынып, төбесі түсе жаздаған кейбір мекемелердің ахуалы ескерусіз қалған жылдардың салмағын айқын сездіреді. Алайда, бұл жағдайдың бәрі тек қаржыға тіреліп тұрған жоқ. Серік Әнуарұлы:“Көзге ұрып тұрған көп кемшілік – қарапайым қол еңбегінің жоқтығынан. Бұл – миллиондаған қаржы сұрамай-ақ, жұмысшының жауапкершілігімен шешілетін іс”, – деп нақты бағасын берді.
Расымен де, бір жағы қабырғасы құлап тұрса, екінші жағы адам қолының немқұрайлығынан тозып бара жатқан мекемелер – елдің рухани, әлеуметтік тірегі бола алмайды. Бұл ретте мәселе жөндеу жұмысында ғана емес, сол жұмысқа деген ниет пен жауапкершілікте жатқанын аңғарамыз.
Сапар барысында аудан әкімінің орынбасары мекеме басшыларына шұғыл түрде ішкі-жөндеу, реттеу жұмыстарын бастау жөнінде нақты тапсырма берді.
Қоңдыкер ЕЛЕУОВ,
«СЫРЫМ ЕЛІ»