СЫРЫМДА №14 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ

СЫРЫМДА №14 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ
СЫРЫМДА №14 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ АШЫЛДЫ
Сырым ауданында су тасқынынан кейін жаңадан салынған №14 өрт сөндіру бөлімінің заманауи ғимараты пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
Салтанатты шара Мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың:
– Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез-келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызмет мамандарына қойылатын басты талап, – деген сөзін келтіріп, Президенттің азаматтық қорғау саласына айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
– Соңғы екі жылда облыстық бюджеттен 10 млрд теңгеге Төтенше жағдайлар, орман және коммуналдық шаруашылық, ветеринария, білім және денсаулық сақтау салаларына 700-ге жуық арнайы техника сатып алынды. Биылдың өзінде ТЖ департаментінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 760 млн теңгеден астам қаражат бөлінсе, апаттардың алдын алу мен жоюға 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Сонымен қатар, жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын 19 бірлік өрт сөндіру автоцистернасы алынды. Былтыр Бөрлі ауданында арнайы өрт сөндіру бөлімі салынған болса, биыл бұл бастама Сырым ауданында жалғасын тауып отыр, – деді Нариман Төреғалиев.
Министр Шыңғыс Әрінов өз сөзінде:
– 2024 жылдың көктемінде Батыс Қазақстан өңірі үлкен сынақтан өтті. Нариман Төреғалиұлымен кездесу барысында: «Төтенше жағдай салдарымен емес, жақсылықпен келейін» деген тілек айтқан едім. Бүгін, міне, сол арман орындалып отыр. Заманауи депо, жаңа техника, құрал-саймандармен жабдықталған жаңа ғимарат ашылып отыр. Алдағы уақытта «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында шалғай ауылдарда да осындай бекеттер ашылуы мүмкін. Ел аман, жұрт тыныш болсын, біз төтенше жағдай емес, қуанышты сәттерде жүздесейік, – деді.
Азаматтық қорғау ардагері Жасқайрат Бердашев құттықтау сөз сөйлеп, жаңадан бой көтерген нысанның маңыздылығын атап өтіп, министр мен облыс басшысына алғысын білдірді.
Салтанатты сәтте ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жаңа өрт автокөліктерінің кілтін табыстады. Атап айтқанда, АЦ-5-40 «КамАЗ» маркалы екі бірлік автокөліктің кілтін азаматтық қорғау аға лейтенанттары Жамбыл Хамидуллин мен Асылбек Ақболат қабылдап алды. Сонымен қатар, «Трэкол» маркалы жол талғамайтын құтқару көлігінің кілті аға лейтенант Нұржан Бересовке, «Варяг» қар көлігінің кілті аға лейтенант Ераслы Телемгенге табысталды.
Ал су жаңа ғимараттың символикалық кілті №14 өрт сөндіру бекетінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Самат Аблаевқа салтанатты түрде тапсырылды.
Ғимараттың лентасын қию құрметі Шыңғыс Әрінов пен Нариман Төреғалиевке берілді. Басшылар мен қонақтар өрт сөндіру бөлімінің ішкі құрылымымен танысты. Жаңа нысанның ішінде гараж ангарлары, жатын бөлмелер, байланыс пункті, асхана, инспекторлық бөлмелер, оқу залы мен спорт алаңы орналасқан.
Министр:
– Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлерге алдымен жағдай жасауымыз керек. Бүгін соның нақты үлгісін көріп отырмыз. Бұл азаматтар өз істеріне адал, енді олардың көрсететін қызмет сапасы да арта түседі, – деп қорытындылады.
Жаңа өрт сөндіру бөлімінің құрылысын жүргізген «СК АЛАШ» ЖШС директоры Исатай Темірбаевтың айтуынша, нысан толықтай қазіргі талапқа сай салынған. Ғимарат ас үй, кезекші бөлім, басшы кабинеттері, жуыну бөлмелері, 6 кереуеттік жатын бөлмесі, 4 көлікке арналған гараж, қоймалармен қамтылған. Барлық бөлмеде кондиционер, оптикалық талшық арқылы жоғары жылдамдықты интернет, көліктен шығатын улы газды сыртқа шығару жүйесі орнатылған. Артқы жағында спорт және жаттығу алаңы, жылыту блогы орналасқан.
Бұл – Сырым өңірі үшін тек жаңа нысан ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды қадам.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА