Өлеңті ауылының тұрғыны Құттыбай Бекболсынов “Сырым ауданының құрметті ардагері атанды.
Төсбелгіні белгілі журналист, Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев кеңес мүшелері Ғилаж Қаналиев және Тауфиқ Елубаевпен бірге барып тақты. Құттыбай әке еңбегіне берілген ерекше бағаға риза болып қалды.
Құттыбай Бекболсынов 1947 жылдың маусым айында Орынбор облысы, Сарочинск ауданында өмір есігін ашты.
Осы өңірде алғашқы орыс сыныбының есігін ашқан Қабдештің Құттыбайы ата-анасының жұмыс бабына байланысты 1957 жылы Теректі ауданының Долин кеңшарына қоныс аударып, осы жерде орта мектепті тәмамдады.
Білімге зерек Құттыбай Қабдешұлы Семейдегі қаржы техникумын бітіріп, дипломды маман иесі атанды.
Ал 1968 жылы Жымпиты өңіріне қоныс аударған ол жұмыстың небір саласында еш жүрексінбей еңбек етіп, жастық жігерімен талай істің тұтқасын ұстады.
Оның еңбек жолына көз жүгіртсек – қаржы бөлімінде инспектор, құрылыс саласында, аудандық мал өнімін дайындау кеңсесінде, жол бөлімінде, шаруа қожалығында жетекші қызметтер атқарған. Бұдан өзге де көптеген қарбалас салаларда еңбек еткен.
Сондай-ақ, ол еңбек ете жүріп, түрлі қоғамдық жұмыстардың ортасынан табылып, шахмат, дойбы, мылтық ату сияқты спорттық жарыстардан жүлдегер атанған жан.
Құттыбай Бекболсынов өмірлік қосағы Тамара Қабиевамен бірге 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі отағасы.
Құттыбай Қабдешұлы жақында 78 жасқа толды.
Еңбектің ерен торысы, спорт жанашыры Құттыбай ағаның шаңырағына арнайы барып сәлем берген жергілікті ардагерлер ұйымының жетекшілері – Мүсірбек Айташев, Ғилаж Қаналиев, Тауфик Елеубаев ардагермен емен-жарқын әңгімелесіп, аудандағы еңбек тынысы мен алдағы жоспарлар жөнінде ой бөлісті.
М. Әлібекұлы,
“Сырым елі”