НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ: “САПАНЫ ҚАЙТА ҚАРАЙЫҚ!”
Бүгін Сырым ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев жұмыс сапарымен келіп, халықтың тыныс-тіршілігімен етене танысты. Бұл сапар – жай ғана ресми іс-шара емес, ел сенім артқан халық қалаулысының жергілікті жұртпен жүздесіп, шынайы мәселелердің мәніне үңілген сәті еді.
Депутат сапарын былтырғы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған жаңа тұрғын үйлермен танысудан бастады. Өмірдің сынын көрген ауыл халқы бүгінде жаңа шаңырақта тұрып жатқанымен, кей үйлерден анықталған кейбір ақаулар да назардан тыс қалмады. Осыған орай Нартай Аралбайұлы тұрғындармен тілдесіп, құрылыс мамандары мен жергілікті әкімдік өкілдерінің қатысуымен сапаны қайта қарап, екі жылдық кепілдік аясында ақауы бар үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілетінін нақты жеткізді.
Депутатпен жүздесуде тұрғын үйлері 2024 жылғы тасқын судан зардап тартқан, бірақ белгілі мерзімде өтініш тапсырып үлгере алмаған тұрғындардың мәселесі - басы бүтін бір тақырып болды.
Халық қалаулысы ауданымыздан бой көтеріп жатқан Мұқадес Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің де құрылыс барысымен танысты. Ұлттық рух пен әдебиеттің ордасына айналатын жаңа нысан – тек мәдениет қана емес, жас ұрпақтың өрісін кеңейтетін, таным көкжиегін тереңдететін рухани ошақ болмақ.
Депутат елдің жанайқайына құлақ түріп, сенімге нақты іспен жауап беруі қажет. Халық осыны қалайды.
Жұртқа жақын болу, мәселені шешу жолында бірге жүру – елдік мүдденің басты өлшемі екенін түсінетін азаматтың бірі Нартай!
Қоңдыкер ЕЛЕУОВ,
“Сырым елі”