Тарих пен тағылым тоғысқан қасиетті Бұлдырты топырағында «Дала қызықтары – 2025» атты мәдени-спорттық іс-шара оздырылды.Ел есіндегі ерлік жылдарды елдікпен, рухпен еске алған бұлдыртылық ағайын далалық жиынды Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнады.
Дала төсіне ақбоз үй тігіліп, қазан ошақтың буы бұрқырап ауыл жұрты Бұлдыртының іргесін байырғы қазақ ауылына айналдырды.
Ұлттық форматтағы іс шараның алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов сөйледі. Ол ауыл жұртын Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, барша қатысушы спорт жанашырларына сәттілік тіледі.
Ауыл ақсақалы Әзбергенов Бақытжан қарияның елге берген ақ батасына “әумин” -дескен жұрттың назары көп кідірмей атшабар айналым жаққа ауды.
Бәйгенің бас төрешісі Төлеби Қайыржановтың рұқсатымен бұлдырты ауылының жергілікті арғымақтары 4 айналымдық айналма алаңға тізгін босатты.
Бұл күні көршілес Бәйтерек, Казталов, Бөрлі аудандарының және Орал қаласымен Ақтөбе облысының жүйріктері Сырым даласына бауыр жазды.
Көрермендер ауыл арғымақтары, топ бәйге және аламан бәйге тарландарының шабысына куә болды. Дала қызықтарының бағдарламасына сәйкес жиындағы жұрт ат бәйгесінен бөлек жаяу жарыс, қол күресі, арқан тартыс, гір тасын көтеру және қой көтеру секілді қазақтың ұлттық ойындарын қызықтады.
Бұлдырты ауылына келген қонақтарға ақбоз үй ішінен ас беріліп, салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.