БЕКЗАТ БОЗЖЫРА БИІГІНДЕ!

БЕКЗАТ БОЗЖЫРА БИІГІНДЕ!
БЕКЗАТ БОЗЖЫРА БИІГІНДЕ!
Маңғыстау облысында өткен республикалық «Әбіш оқулары» ғылыми-шығармашылық конкурсында Әбіш Кекілбаев шығармалары бойынша зерделеу жоба бағыты бойынша Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша кешенінің 10-сынып оқушысы Альтен Бекзат жүлделі І орынды жеңіп алды.
Бекзаттың бұл жеңісі – тек жеке жетістік емес, ұстаз бен шәкірт арасындағы тығыз байланыс пен жүйелі ізденістің нәтижесі.
Бекзаттың жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-сарапшы Қуандық Жұлдыз Шынболатқызы. Оқушы мен ұстаз бірлесе отырып, ұлы қаламгер Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына терең бойлап, ерекше ғылыми жұмыс ұсынды.
Айта кетейік, Бекзат бұл байқауға алғаш рет қатысып отырған жоқ. 2023 жылы 8-сыныпта оқып жүргенде де осы байқауға қатысып, облыстан I орын, республикадан ІІІ орын иеленген. Ол кезде шәкірттің жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің тәжірибелі ұстазы Сүлейменова Алмажай Құбайдоллақызы болатын. Бекзат осы жолы өсіп барды, жетістігін жаңартты, Бозжыра биігін бағындырды.
Бекзат кім? - деген сұраққа аз - кем анықтама айтайық.
Бекзат – дарынды, жан-жақты, ізденімпаз, көшбасшы оқушы, мектеп парламентінің президенті, аттың құлағында ойнаған ауыл баласы, жас спортшы. Жігітке білектің ғана емес, білімнің де күші керек. Бекзат - пікірсайыс алаңында – ойы ұшқыр спикер.
Ол 2023 жылы республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде қазақ тілі бағыты бойынша І орын иеленіп, зерттеушілік әлеуетін дәлелдеген болатын.
Сол жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Болашақпен кездесу» іс-шарасына қатысты.
Ал, жетекшісі Жұлдыз Қуандық зерттеу жұмысымен тұрақты айналысатын білікті маман. 2019 жылы «І облыстық Педагогикалық кейстер» чемпионатында Сырым ауданының «Элита» командасы құрамында Бас жүлде иеленді. 2025 жылы облыстық «Сапалы білім – сапалы сабақтан» шеруінің финалында «Идеялар шебері» номинациясымен марапатталды.
Сырым ауданының білім беру бөлімінің баспасөз қызметі