ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫҢ ШИРЕК ҒАСЫРЛЫҚ ШЕЖІРЕСІ
Сырым ауданында Балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының 25 жылдық мерейтойына арналған тағылымды шара өтті. Шығармашылық пен өнердің қайнаған ортасына айналған бұл мекеме ширек ғасыр ішінде талай жастың талабын ұштап, арманын биікке самғатып үлгерді. Осы мерекелік күнде орталықтың өткені мен бүгіні ұштасып, болашаққа жол ашқан салтанатты кештің куәсі болдық.
Шараға орталықта әр жылдары қызмет еткен мамандар, басшылар арнайы шақырылып, құрметке бөленді. Сырым аудандық мәслихатының төрайымы Шынар Дүйсенғалиева құттықтау сөз сөйлеп, орталық ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
Іс-шара орталықтың кіреберісіндегі суретші Мұратбек Жоламановтың бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Құрметті міндет Мұратбектің қарындасы Самал Батырова мен алғашқы жылдары еңбек еткен, бүгінде «AMANAT» партиясының БҚО филиалының бөлім меңгерушісі Кенжалы Төремұратовқа ұсынылды. Бұдан кейін қонақтар естелік суретке түсіп, өткен күндерді еске алды.
Шығармашылық орталық педагогтарының шеберлік сағаттары көрерменді тәнті етті. Тұрарбек Шынтасов – «Тоғызқұмалақ жүрістері», Дулат Бақытов – «EV3 роботының қозғалысы», Сайлан Сапарғалиев – «Картинг – болашақ чемпиондардың бастамасы» тақырыптарында өз тәжірибесімен бөлісті. Өнертапқыш пелагог Нұрболат Ханафин «Лобзик» үлгісін таныстырып, электронды ит, жол талғамайтын көлік, жем тиейтін құрылғылар сынды туындыларымен көпшілікті таңғалдырды. Нұрбол Жәңгірханов пен шәкірті Шыңғыс Қайырболатұлы дронды басқару тәсілдерімен бөлісті. Ал суретші-педагогтар Асылбек Сержан, Ибырай Садықов және Үміт Жұмабаева «Өнер – өмір өрнегі» атты көркемсурет шеберлігін көрсетті. Боранбай Нагиев линогравюра техникасымен пейзаж салса, ұлттық спорт үйірмесінің жетекшісі Бекет Жұбанов садақ ату өнерін үйретті. Ал Алтынбек Қанатқалиев дыбыс жазу студиясының жұмысын көрсетіп, «Еркін дыбыс» тақырыбын тарқатты.
Мерейтойлық шара мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда орталық шеберлерінің қолөнер көрмесі қойылып, аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов шығармашылық иелерінің жұмысымен танысты. «Шығармашылыққа толы 25 жыл» атты мерекелік концерт пен арнайы бейнеролик көпшілікке ұсынылды.
Аудан әкімі өз сөзінде орталықтың ұрпақ тәрбиелеудегі, өнер мен білімді қатар дамытудағы маңызын атап өтті. Ұжымда ұзақ жыл еңбек етіп, өңірдің мақтанышына айналған бірқатар азаматтар – Кенжалы Төремұратов, Аида Жоламанова, Салтанат Жұбаниязова, Жаңыл Көпешова, Айнагүл Сарғозиева сынды тұлғалар марапатталды. Орталықта еңбек етіп жатқан ұстаздардың есімдері аталып, құрмет көрсетілді. Кенжалы Төремұратов сөз алып, мекеме құрылған жылдардың естелігімен бөлісті.
Мерекелік концертте «Аружан» би ансамблінің мың бұралған бишілері өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шәкірттер ән шырқады, сахналық көрініс қойып, сән әлемін сахнаға әкелді. «Аружанның» алғашқы қарлығаштары сахнаға шығып, жетекші Айнагүл Сарғозиеваға алғыс білдірді. Ұжыммен бірге өсіп, бірге толысқан хореограф сахна төрінде:
– Байқаудан байқауға дайындалып, шабытты шабыспен жүргенде 25 жылды артқа тастағанымызды да аңғармай қалыппын. «Аружан» – менің отбасымдай, – деп толқынысын жасырмады.
Шара соңында орталықтың барлық педагогтары сахнаға шығып, орталықтың гимні – Мейірбек Жампозовтың сөзіне, Алтынбек Қанатқалиевтің әніне жазылған ұжымдық ән шырқалды. Бұл сәт – мерекенің ең жарқын әрі жүрекке әсер еткен көрінісі болды.
Шығармашылық орталығы – бала арманын ұштаған киелі шаңырақ. Ширек ғасырлық жол – табыс пен тындырымды еңбектің айғағы. Алдағы жылдар бұл орталықтың шығармашылықта шарықтап, талай биікті бағындырарына сенім зор.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА