Ұлттық спорт түрлерінен «БАБАЛАР ІЗІМЕН» атты облыстық лигасы

Ұлттық спорт түрлерінен «БАБАЛАР ІЗІМЕН» атты облыстық лигасы

2025 жылдың 18 наурыз күні Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында ұлттық спорт түрлерінен «Бабалар ізімен» атты облыстық әдістемелік семинар-практикум басталды. Бұл шара Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Орал қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды. Семинарға еліміздің ұлттық спорт саласындағы беделді мамандары қатысты.

Семинарға қатысушылар арасында асық атудан ұлттық құраманың бас бапкері, асық спортының негізін қалаушы Жомарт Сабыржанұлы, ҚР Жамбы ату федерациясының бас директоры Елнұр Қожағұл, ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев және басқа да танымал тұлғалар болды.

Шара ұлттық спорт федерацияларының жалпы отырысымен ашылып, алғашқы құттықтау сөзді Орал қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А. Исанов сөйледі. Одан кейін БҚО Ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Ерболат Байбатыров өңірде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. ҚР Ұлттық спорт төрешісі Әскербек Нұрмұханов төрешілік санаттарды рәсімдеу мәселесін көтерді. Сонымен қатар, «Орал» спорт клубының директоры Орынбасар Ғилымов 2024 жылы ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған лига жарыстары туралы ақпарат берді.

Ат спорты қауымдастығының өкілі Нұркен Байбөриев еліміздегі ат спортының дамуы жайлы сөз қозғап, БҚО Қазақ күрес федерациясының президенті Әсет Сұлтанұлы өңірдегі қазақ күресінің өзекті мәселелеріне тоқталды.

Семинар барысында қатысушылар көкейіндегі сұрақтарын қойып, ұлттық спорт мамандарынан нақты жауаптар алды. Жиын соңында асық спортының негізін қалаушы Жомарт Сабыржанұлы өңірдегі ұлттық асық спортын дамытуға қосқан үлесі үшін аға жаттықтырушы Ержан Өтеғалиевті республикалық Асық ату федерациясының атынан «Асық спортының қайраткері» медалімен марапаттады.

Бұл семинар ұлттық спорт түрлерін дамыту жолында маңызды қадам болып саналады. Мұндай іс-шаралар еліміздің спорт мәдениетін көтеріп, ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртуға зор ықпал етеді.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі