
Жайық жағасында тағы бір айтулы спорт мерекесі басталды. Орал қаласы садақ атудан ересектер, жастар және юниорлар арасындағы ҚР чемпионатын қабылдауда. 26 шілде мен 1 тамыз аралығында өтетін ел біріншілігіне Қазақстанның үздік мергендері жиналды.
Байрақты бәсекеге Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Алматы, Жетісу, Павлодар, Түркістан, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 260 спортшы қатысуда.
Чемпионаттың басты мақсаты – спортшылардың шеберлік деңгейін арттыру және Азия ойындарына, Әлем және Азия чемпионаттарына, Әлем кубогі кезеңдеріне, сондай-ақ Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасына үміткерлерді анықтау.
Салтанатты ашылу рәсіміне БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, ҚР Ұлттық садақ ату федерациясының президенті Азамат Үсімбеков және БҚО садақ ату федерациясының президенті Нұрлан Ақнұров қатысты. Қонақтар жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, чемпионаттың жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді. Сонымен қатар, садақ ату спортын дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.
Кештің көркін өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ашып, мерекелік шара әсем отшашумен қорытындыланды.
Ашылу рәсімінің шарықтау шегі – садақшылардың бір мезетте түрлі түсті жебелерді атып көрсеткен әсерлі шоуы болды. Ерекше көрініс көрермендердің зор қошеметіне ие болып, ұлттық спорттың рухын асқақтатты.
Мергеннің дәлдігі – елдің абыройы!
Алдағы бірнеше күн бойы Орал қаласында елдің үздік садақшылары чемпиондық атақ пен ұлттық құрама сапындағы жолдама үшін бақ сынайды.
Барша қатысушыларға сәттілік, дәлдік пен жарқын жеңістер тілейміз! 🇰🇿🏹