
Зияткерлік спорттың мәртебесін асқақтатқан айтулы додаға еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей Федерациясының Самара қаласынан келген 214 жас шахматшы қатысып, ақыл мен парасат бәсекесінде бақ сынауда.
Ашылу салтанатына БҚО әкімі Нариман Төреғалиев, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Есенов, Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов, сондай-ақ Freedom Broker сату департаментінің атқарушы директоры Әлібек Сұлтанов қатысып, жас зияткерлерге ақ жол тілеп, жарысқа сәттілік тіледі.
Турнирге 6–14 жас аралығындағы спортшылар қатысуда. Жарыс екі санат бойынша өтеді:
🔹 А турнирі – 14 жасқа дейінгі қатысушылар;
🔹 В турнирі – 10 жасқа дейінгі қатысушылар.
Қатысушылар 9 турдан тұратын швейцар жүйесі бойынша өзара мықтыны анықтайды.
Қазақстан Балалар кубогі Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Биылғы маусым алты іріктеу кезеңінен және қорытынды финалдан тұрады. Финалдық кезең 2026 жылғы 1–13 желтоқсан аралығында Астана қаласында өтеді.
Бұл байрақты бәсеке жас шахматшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, достық пен өзара сыйластықты нығайтып, ұлттық зияткерлік спорттың дамуына серпін беретін маңызды дода.
Барша қатысушыларға ұтымды жүрістер, жарқын жеңістер және толағай табыс тілейміз!
——————
#bqo_sport #Шахмат