ТЕРЕКТІДЕ БІР КҮНДЕ ТӨРТ СПОРТ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

ТЕРЕКТІДЕ БІР КҮНДЕ ТӨРТ СПОРТ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Теректі ауданында елеулі оқиға орын алды. Аудан аумағында бір күнде төрт бірдей спорт алаңы ашылып, пайдалануға берілді.

Долин, Богданов, Ақжайық және Ақсоғым ауылдарының жас өрендері мен жергілікті халқы қуаныштарын жасыра алмай, үлкен толқу үстінде болды. Спорт алаңдарының ашылу салтанатына Теректі ауданы әкімі Арман Өтеғұлов пен БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

- ҚР Президенті Қ.Тоқаев әрдайым бұқаралық спортты дамытуға назар аударып келеді. Әрине, спорт – денсаулық кепілі екені баршаңызға аян. Аудан бойынша осы жылы 8 спорт алаңы жасақталып, халық игілігіне берілді. Ендігі мақсат – қолда бардың қадірін білу. Жергілікті тұрғындар осы алаңдарға ұқыптылықпен қарауы керек. Ауылдың кәсіпкерлері алаң маңын абаттандыруға үлес қосса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жұмыстардың барлығы халық үшін, өскелең ұрпақ үшін, - деді өз сөзінде аудан басшысы Арман Кәрімұлы.

Долин ауылындағы спорт алаңының лента қию рәсімін спорт ардагері, ұстаз Марат Валеев пен 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарының көрермендер арасында жеңіл атлетикадан ұйымдастырылған додасының қатысушысы, Қазақстан чемпионы, журналист Татьяна Раимкулова өткізді. Ал дәл осындай рәсімді Богданов ауылында спорт ардагері, қол күресінен облыстық жарыстардың жеңімпазы Мирзамагамед Алиев және волейбол мен шахматтан спорт ардагері Зайнолла Мукатаев, Ақжайық ауылында дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Сұңғат Бекқалиев пен ардагер Салауат Нарышев, Ақсоғым ауылында ардагер Қадырғали Шайхиев және ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әленғали Аққалиұлы жасады.

Айта кету керек, Долин, Ақжайық, Ақсоғым ауылдарындағы спорт алаңы құрылысын «Орал құрылыс» ЖШС жүргізсе, Богданов ауылындағы спорт алаңын «Бейбарыс» жеке кәсіпкерлігі жасақтаған.