Оралда жекпе-жек спорт мектебі ашылды

Оралда жекпе-жек спорт мектебі ашылды

Орал қаласында жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Бұрынғы «Арман» спорт кешенінің ғимаратында ашылған аталмыш жекпе-жек спорт мектебінде оқушылар тегін жаттықпақ.

- Қадірлі жерлестер, баршаңызды жекпе-жек спорт мектебінің ашылу салтанатымен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытып, жаңа спорт үйiрмелерiн ашу туралы тапсырма берген еді. Соңғы жылдары облысымызда спорт саласы қарқынды дамып келедi. Аудандарда дене шынықтыру, сауықтыру кешендері бой көтеруде. Қолдау тек мемлекет тарапынан емес, кəсіпкерлер де бiрiгiп, спорттық залдар салуда. Жуырда Казталов ауданына барғанда ауыл жастары бокс залын ашқан. Ауыл азаматтарына, кəсіпкерлерге алғыс айтамын.

Ал осы жекпе-жек спорт мектебінде əлемге, елiмiзге танымал спортшылар тəрбиеленiп шықты. Олардың қатарында Данияр Елеусiнов, Екатерина Ларионова, самбодан Ерболат Байбатыров, Нұрбол Серiков, Темірлан Ихсангалиевтар бар. Əр ата-ана үшін баланың денсаулығы қымбат. Денсаулық мықты болу үшін спортпен айналысу керек. Осы спорт мектебінің бапкерлеріне сəттілік тілеймін. Еліміздің көк байрағын желбіретiп, облысымыздың намысын қорғайтын чемпиондар тəрбиелеңiздер, - деді облыс əкімі Ғали Есқалиев.

Жекпе-жек спорт мектебінің директоры Қанат Жанғалиевтiң айтуынша, аталмыш мектепте дзюдо, самбо, каратэ, таэквондо, қазақша күрес, грек рим күресi, бокс секциялары жұмыс істейді. Сол үйiрмелерге бір мезгілде 200 баланы жаттықтыруга
мүмкіндік бар.

Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz