Қазақстанда ДДҰ бағдарламасы бойынша жаттықтырушыларды оқытудың екінші легі басталды

Қазақстанда ДДҰ бағдарламасы бойынша жаттықтырушыларды оқытудың екінші легі басталды

Алматыда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп CST бағдарламасы бойынша даму ерекшеліктері бар балаларды күту дағдыларына ата-аналарды оқыту үшін жаттықтырушыларды даярлаудың екінші кезеңін бастады.

Шымкентте 19-23 шілде аралығында болашақ жаттықтырушылардың 14 адамнан тұратын бірінші тобын оқыту өтті.

Екінші кезеңге Алматы, Нұр-сұлтан, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Түркістан, Тараз және Шымкент қалаларынан 21 адам қатысады. Қажетті білім мен дағдыларды алғаннан кейін олар отбасыларымен бірге 40 баламен айналысады.

Оқу курсына материалдарды бейімдеу, жаттықтырушыларды даярлау, мамандар мен ата-аналарды оқыту кіреді. Осы бағдарламаның нысаналы тобы дамуында кідірісі бар, оның ішінде аутистік спектрдің бұзылуы бар 2-9 жастағы балаларды күтуді жүзеге асыратын тұлғалар болып табылады. Алайда оқу бағдарламасын нормотипті балаларға да қолдануға болады.

Бұл курстың мақсаты-ата-ана мен баланың оңтайлы өзара іс-қимылын дамыту, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, бірлескен келісім мен өзара қарым-қатынасты дамыту, мінез-құлықты басқару дағдыларын жақсарту, бейімделу дағдыларын дамыту және отбасы өміріне қатысу арқылы жағымсыз мінез-құлықты азайту.

Сондай-ақ, жоба стрессті басқару дағдыларын дамытуды, проблемаларды шешуді және жалпы ата-аналардың әл-ауқатын жақсартуды көздейді.

Естеріңізге сала кетейік, CST (Caregiver Skills Trainingfor Families of Children with Developmental Disoders) – бұл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ата-аналарға дамудың кешігуі немесе дамуы артта қалған балаларға күтім жасау дағдыларын үйретуге арналған бағдарламасы.

Бағдарламада мінез-құлықты қолданбалы талдау, даму туралы ғылым, әлеуметтік коммуникация іс-шаралары, оң тәрбие және өзіне-өзі қызмет көрсету әдістері қағидаттары қолданылады.

Сондай – ақ, бағдарламада ересек пен баланың өзара әрекеттесуінің қадамдық стратегиялары бар-нақты жағдайда не істеу керек, жақын болашақта қандай міндеттер қою керек.