
Бүгін Орал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында кездесу өтті. Кездесуге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің БҚО бойынша департаменті, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, қалалық емханалардың дәрігерлік-кеңес беру комиссиялары, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға көлік қызметін көрсететін тасымалдаушылар қатысты.
Кездесу барысында мүгедектігі бар адамдарды инватакси қызметі арқылы тасымалдауға қатысты мәселелер талқыланды. Сонымен қатар тұрғындар мен мүгедектігі бар адамдардың өтініштері тыңдалып, қолданыстағы заңнама аясында тиісті жауаптар берілді.