Үстіміздегі жылдың 6 қазаны күні өткізілетін республикалық референдум ерекшеліктері, референдумға ұсынылып отырған мәселе төңірігінде Шыңғырлау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, Нұрлыбек Қалиевтен сұхбат алған болатынбыз.
-Нұрлыбек Есенұлы,баршамызға мәлім, 2024 жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы" Жарлыққа қол қойды. Республикалық референдумға: "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сауал шығарылып отыр. Осы орайда оқырмандарымызға референдум ұғымы туралы кеңінен айтып өтсеңіз.
-Республикалық референдум дегеніміз - Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, өзге де заңдарының және мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру болып саналады.
Референдумның талқысына, жоғарыда аталып өткендей, екі жағдайдағы мәселелер қойылуы мүмкiн. Біздің жағдайымызда биылғы өткізілгелі отырған референдумның талқысына республиканың мемлекеттiк өмiрiнiң маңызды мәселелерiн шешу қойылып отыр, яғни 6 қазан күні Қазақстан халқы өз таңдауын жасап, "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сауал төңірегіндеөз ойларын білдіретін болады.
-Референдум қалай өтпек? Даярлау, ұйымдастыру, өткізу жұмыстары кімдермен немесе қандай ұйымдар арқылы жүргізілмек?
-Референдумға дайындық пен оны өткiзудi республика көлеміндереферендум комиссиялары жүзеге асырады. Нақтырақ айтқанда, референдум комиссияларының функцияларын орындаушылары болып сайлау комиссиялары табылады. Яғни, Орталық референдум комиссиясының функциясын орындаушы - Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, аумақтық референдум комиссияларының функциясын орындаушы - аумақтық сайлау комиссиялары және учаскелiк референдум комиссияларының функциясын орындаушы - учаскелiк сайлау комиссиялары.
- Бүгінгі таңда аудан көлемінде референдум комиссиялары осы бағытта қандай жұмыстарды бастап кетті?
- Қазіргі уақытта Шыңғырлау ауданы бойынша 1 аудандық аумақтық, 19 учаскелік референдум комиссиялары бар. Аудандық аумақтық референдум комиссиясының құрамыиында 7 мүше бар,комиссия құрамы Қазақстан Республикасыныңорталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген лауазымдық талаптарға сай жасақталған. Учаскелік референдум комиссияларының құрамында 95 мүше бар.
2024 жылдың 4 қыркүйегі күні Шыңғырлау аудандық аумақтық референдум комиссиясының отырысы өткізіліп, сол отырыста 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітіліп, жұмыстар басталып кетті. Учаскелік референдум комиссиялары өз жұмыстарын заң талаптарына сәйкес, 2024 жылдың 15 қыркүйегі күні, жергілікті атқарушы органнан сайлаушылар тізімін қабылдап алудан бастайды.
Референдум күні аудан тұрғындарына 19 рефрендум учаскесі қызмет көрсететін болады, олар бүгінгі таңда барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Референдум күні барша сайлаушыларымызға өз таңдауларын жасауға барлық жағдайлар туғызылатын болады. Референдум учаскелерінің шекаралары, мекен жайлары, референдумның комиссия мүшелері, олардың жұмыс уақыттары туралы хабарлар аудандық «Серпін» газетінің № 37 нөмірінде және аудан әкімінің ресми сайтында жарияланды.
Үстіміздегі жылдың 6-шы және 11-ші қыркүйек күндері аудандық аумақтық референдум комиссияларының төрағалары, орынбасарлары және хатшыларына, Батыс Қазақстан облысының аумақтық рефререндум комиссиясы арқылы, оқу-семинарлары өткізіліп, аталған тұлғалар референдум туралы заңы тұрғысында тест тапсырды. Сонымен қатар 9-15 қыркүйек аралығында аудандық аумақтық референдум комиссиясы мүшелері қашықтықтан оқытылып, тестілеуден өтті.
Учаскелік рефререндум комиссияларына үстіміздегі жылдың мамыр айында, аудандық референдум комиссиясы арқылы, оқытулар ұйымдастырлып, тестілеу жүргізілсе, қазіргі таңда аталған комиссиялардың 95 мүшесі қашықтықтан оқытылып жатыр, олар 3 қазан күні тестілеуден өтетін болады. Сонымен қатар қыркүйек айының 18 – 27-і аралығында қосымша аудандық референдум комиссиясы арқылы тағы оқыту-семинары ұйымдастырылып, қорытындысы бойынша комиссия мүшелері тест тапсырады. Бұның бәрі комиссия мүшелерінің біліктіліктерін арттыру, сайлау барысында заң талаптарының қатаң бақылануын қамтамасыз ету, заң бұзушылықтарға жол бермеуді қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатырған шаралар. Жалпы аудан бойынша аумақтық және учаскелік референдум комиссиялары референдум өткізуге толықтай дайын деуге негіз бар деп есептеймін.
-Жоғарыда референдум күні барша сайлаушыларға өз таңдауларын жасауға барлық жағдайлар туғызылады деп айтып өттіңіз. Өзіңізге мәлім, сайлаушылар арасында мүмкіндігі шектеулі адамдар да болады. Аталған санаттағы сайлаушыларымызға референдум күні қандай да бір жағдайлар жасала ма? Әлде сайлаушылардың барлығына қойылатын талаптар мен жасалатын жағдайлар бірдей ме?
- Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конституциялық заңының 39-бабында дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар болып табылатын сайлаушылардың кедергісіз кіруі және онда дауыс беруі үшін жағдайлар қамтамасыз етілуге тиіс делінген. Осыған сәйкес референдум күні ауданымызда, жоғарыда аталып өткендей, 19 референдум учаскелері қызмет көрсететін болады. Барлық учаскелер әлеуметтік нысандарда, бірінші қабаттарда орналасқан, пандустармен, кіре берісте тактилді маңдайшалармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жасырын дауыс беру кабиналары да қарастырылатын болады. Аудан бойынша референдум күні аудан орталығындағы 38 мүгедектігі бар тұрғын өз таңдауын жасай алады. Оның 9-ы кресло-арба пайдаланушылар, 21-і көру қабілеттілігі бойынша, 8-і есту қабілеттілігі бойынша мүгедектігі бар адамдар. Референдум комиссияларының мүшелері аталған сайлаушыларды, басқа да сайлаушылар секілді рефрендум өткізу уақыты мен орны туралы хабардар етеді. Рефрендум күні референдум учаскесіне белгілі себептермен бара алмайтын жағдай пайда болып жатса, олардың дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат он екiден кешiктiрілмей берiле алатын жазбаша өтініші бойынша, сайлаушылардың тұрғылықты жерiнде дауыс беру ұйымдастырады.
- Осы сұхбатымызды пайдалана отырып, аудан тұрғындарына, яғни сайлаушыларымызға қандай кеңес немесе тілек жолдар едіңіз.
- Алдағы өтетін республикалық референдумға шығарылып отырған сауал – жалпы еліміз, болашағымыз үшін өте маңызды мәселе. Бұл референдум – елдің стратегиялық шешімдер қабылдаудағы халықтың пікірін ескеру бағытында жасалған нақты қадам. Алдағы таңдау Қазақстанның энергетикалық болашағын айқындайтын маңызды шешім болары анық. Осы орайда сайлаушыларымызға 6 қазан күні, өз маңайындағы референдум учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауға шақырамыз. Бұл күнгі еліміз бойынша өткізілетін саяси шарада – әркімнің дауысы маңызды екенін естеріне салғымыз келеді.
-Уақыт бөліп, ойыңызбен бөліскеніңізге рахмет, бұл сұхбат оқырмандарымыз үшін пайдалы болады деп ойлаймыз.