Бүгін аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің төрағалығымен Шыңғырлау ауданында мал қыстағының өту барысына арналған штаб отырысы өтті.
Аталған жиынға облыстық штаб мүшелері, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Отаралиев және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Орынбаев арнайы қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес аудан аумағындағы мал қыстағын өткізу жұмыстарының барысы туралы аудан әкімінің орынбасары Айбек Исламбек баяндама жасады.
Штаб отырысын қорытындылай келе, ағымдағы қыс маусымы жалпы алғанда жоспарлы түрде өтіп жатқандығы атап өтілді. Қысқы мал азығы жеткілікті көлемде дайындалып, мал қыстату науқаны барысында төтенше жағдайлар тіркелген жоқ.
Қазіргі таңда аудан аумағында жауапты мекемелер мен шаруалар арасында өзара тығыз байланыс орнаған. Ауа райының қолайсыз кезеңдеріне қарамастан, тиісті жұмыстар уақытылы атқарылып, туындаған мәселелер жедел түрде шешілуде.
Алдағы уақытта мал қыстату тәжірибесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ мал азығы қорын әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.