АҚСУАТ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИ-СПОРТ НЫСАНЫ БОЙ КӨТЕРДІ

АҚСУАТ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИ-СПОРТ НЫСАНЫ БОЙ КӨТЕРДІ
Бүгін Қарағаш ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылында сәулеті мен салтанаты жарасқан, ауылдың мәдени-әлеуметтік әлеуетін арттыратын жаңа мәдени-спорт кешені ашылды.
Жаңа кешен ауылдың мәдени, спорттық өмірінің негізгі орталығына айналмақ.
Ғимарат акт залы, күрес залы және музыкалық және спорттық құрал-жабдықтармен толық жарақталған.
Салтанатты шараға қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтап, бұл нысанның ауыл өміріне тың серпін беретініне тоқталды.
“Мәдени құндылықтарымызды сақтау мен спортты дамыту, ауыл мәдениеті мен спорттын мәртебесін көтеру бүгінгі күннің талабына айналды, халық игілігі үшін беріліп отырған шаңырақтың мәдени-рухани өмірімізге қосар үлесі айрықша,” – деді Тілепберген Ерсайұлы.
Одан кейін аталмыш нысанның құрылысы жұмыстарын жүргізген мердігер ұйым «Кемеңгер» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Темірбек Алмағамбетовке облыс әкімінің орынбасары өз алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетсек мәдени-спорт нысаны ауылдың жомарт азаматтарының демеушіліктері тарапынан бой көтерген болатын.
Одан әрі салтанатты шара акт залында жалғасын тауып, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.