ҚАРАҒАШ АУЫЛЫНДА ЖАҢА ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ПУНКТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ҚАРАҒАШ АУЫЛЫНДА ЖАҢА ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ПУНКТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Бүгін Қарағаш ауылында жаңа ветеринарлық пункттің ашылу салтанаты өтті. Аталған шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев және аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев арнайы қатысты.
Қазіргі қоғамда ветеринария саласының рөлі ерекше маңызды. Мал шаруашылығын дамытуда, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда бұл саланың үлесі зор.
Жаңадан салынған ветеринарлық пункттің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов Қарағаш ауылының тұрғындарын жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады.
– Мемлекет тарапынан ветеринария саласына ерекше көңіл бөлінуде. Облысымыз ауыл шаруашылығы саласына негізделген өңір. Мал қорымдары да жаңа талаптарға сай пайдалануға берілуде. Ветеринария саласының дамуы – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуының кепілі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы қолдау жалғасын табады, – деді ол.
Ветеринарлық пункт ғимаратының құрылысын жүргізген «Кемеңгер» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Темірбек Алмағамбет жаңа нысанның кілтін аудандық ветеринариялық станциясының директоры Досқанат Сағынбайға салтанатты түрде табыстады.
Жаңа ветеринарлық пункттің ашылу рәсімінде лентаны Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Ерсайұлы мен ауыл тұрғыны Анжан Кәкімжанұлы қиды.