Ветеринария саласына қатысты жиын өтті

Ветеринария саласына қатысты жиын өтті

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Батыс Қазақстан облыстық ветеринария басқармасының басшысы С.Нұрмағамбетовтың қатысуымен ветеринария саласындағы өзекті мәселелерді қаузаған жиын өтті. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев төрағалық етіп, оған аймақтың барлық мал дәрігерлері, ауыл шаруашылық мамандары қатысты.
Жиында ветеринариялық іс-шаралардың орындалу барысы кеңінен талқыланды. Басқарма басшысы Серік Базарұлы жұмыс барысындағы озық тәжирибелермен бөлісе отырып, вакцинациялауда кездесетін кедергілер, малдың уақтылы сырғалануы, мал ауруының алдын алуы, заман ағымына байланысты жиі өзгеріп отырған дәрі-дәрмектердің түрлері туралы баяндады.
-Қысы-жазы малмен алысу оңай емес. Мал дәрігерлерінің жыл бойына қан алып, екпе жасатып, ауру малдарды анықтап, оның құжаттарын рәсімдеу - үлкен еңбекті талап етеді. Мәселен, мал қанын жүздеген шақырымнан орталық лабороторияға жеткізіп, мерзімінде сараптама жасату керек. Әр дәрі-дәрмектің де түрілеріне байланысты егу уақыты да әр түрлі. Әр шара кідірісті күттірмейді. Дегенмен, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бұл біздің ең басты міндет, - дей келе, облыстық ветеринария басқармасының басшысы С.Нұрмағамбетов облыс деңгейіндегі статистикалық ақпаратқа сүйене отырып, Шыңғырлау ауданының жетістерін саралаумен қатар кемшін тұстарын да баса айтты.
Шара соңында аудандық әріптестер таратынан қойылған сұрақтарға, әсіресе, жануарларды бірдейлендірудің деректер базасына енгізу, материалдық техникалық базаны жаңарту секілді ветеринарларды толғандаратын сауалдарға да толыққанды жауап алынды. Расымен де, әлемдегі барша адамзатты әбігерге салған пандемия кезінде түрлі-түрлі мал аурулары да шығып жатқаны бар. Сондықтан, күнкөріс деп асырап отырған төрт түлігіміздің кеселге шалдықпай жүруіне осы мал дәрігерлерінің үлестері зор.

Аман ІЗМҰХАН