Меню

Страницы

Статья

Отчет акима Чингирлауского района Мурата Умралеева перед населением за 2024 год

Шыңғырлау ауданының әкімі

М.Өмірәлиевтің тұрғындармен есептік

кездесуге баяндамасы

 

Құрметті Нариман Төреғалиұлы!

Аудан тұрғындары және кездесуге қатысушылар!

 

КІРІСПЕ СӨЗ

Қазақстан Республикасының Президентінің әкімдердің, халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы Жарлығына сәйкес, аудан бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы қысқаша баяндайтын боламын.

Жыл санап ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы оң көрсеткіштерге ие болып отыр. Атқарылған жұмыстар қоғамдық кеңес, аудандық мәслихат және аудан тұрғындарымен бірлесе атқарылғанын атап өткім келеді.

Ағымдағы жылы аудан бойынша 5 – 9 ақпан күндері аралығында барлығы 16 есептік кездесу өтіп, тұрғындардан 11 сұрақ пен ұсыныстар түсті. Көтерілген сұрақтардың басым бөлігі электр желісінің тозуы, медициналық пунктердің қажеттілігі, абаттандыру және интернет, пошта бағытында болды. Соның ішінде 9 сұрақ шешімін тауып, қалған 2 сұрақ бақылауға алынды.

 

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ

Аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы, жалпы аудан бойынша қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында 497 шаруа қожалық пен жеке кәсіпкер, 12 жауапкершілік шектеулі серіктестігі және 26 өндіріс кооперативі жұмыс жасауда. Оның ішінде 34 шаруа қожалық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады.

Ауданда мал басының өсу тенденциясы сақталып, ірі қара малы – 55 мың 428 бас болса, ұсақ мүйізді мал басы – 62 мың 693, ал, жылқы малы – 12 мың 929 бас құрап отыр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара – 14,8 пайызға, ұсақ мүйізді мал – 5,8  пайызға, жылқы малы – 4,3 пайызға өсіп отыр.

Аудан бойынша жыл басынан мал тұқымын асылдандыру бағытында мемлекет тарапынан 160 шаруа қожалыққа - 237 млн 200 мың теңге көлемінде субсидия төленді. Ал, жаңа техника сатып алуға төленген субсидия көлемі - 25 млн 900 мың теңгені құрады.

Биыл көктемгі далалық жұмыстарға 37 шаруа құрылымы 5 мың 703 гектар жерге дәнді дақылдар екті, оның ішінде жаздық бидай – 2069 гектар, арпа – 1943 гектар, тары - 747 гектар, дәнді құмай – 864 гектар, жасымық – 80 гектар, орындалуы 113,9%; майлы дақылдар - 4 мың 291 гектар с.і. мақсары – 2583 гектар, күнбағыс - 1708 гектар, орындалуы 92,3%; бір және көпжылдық шөп дақылдар - 4 мың 364 гектар, орындалуы - 99,6%; картоп, көкөніс, бақша дақылдары - 45,6 гектар. Бүгінгі күні 35 шаруа құрылым Меморандум бойынша жоспарланған 14 246 гектар көктемгі егіс көлемін 14 404 гектарға орындады, орындалуы 101%.

Өткен жылдары себілген 24 мың 361 гектар көпжылдық шөптер мен 2023 жылдың күзінде себілген 1 мың 525 гектар күздік дақылдарды есепке алғанда ауданның егістік алқабы 40 мың 290 гектар құрады, орындалуы – 106,2%.

Үстіміздегі жылы аудан шаруалары 11 дана трактор, 1 комбайн және 15 дана басқа да ауыл шаруашылық техникаларын сатып алып, 2 шаруа қожалық электробақташы құрылғысын орнатты.

Ауданымызда мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде.  Бүгінгі күнде 8,3 мың тонна қысқы мал азығы дайындалып, жоспар 4,4 пайызға орындалды. 1 бума шөптің орташа бағасы - 4 мың 200 теңгені құрап отыр. Жоспарды 1,5 есе артық орындау көзделуде.

 

ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ

Бүгінгі таңда Шыңғырлау ауданының жалпы жер көлемі - 722  мың гектарды құрайды.  Қазіргі таңда 420 мыңнан астам гектар аумақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, елді-мекендердің жерлері – 123 мың гектар, қалған 179 мың гектар басқа да жерлер болып табылады.

Ағымдағы жылы ауданымызда ауыл шаруашылығы мақсатындағы 24085 гектар жер учаскесі беру жоспарланып, бүгінгі күнге Ақшат ауылдық округінде конкурс арқылы 1879 га жер берілді (соның ішінде 644 гектар егістік, 1235 гектар жайылым).

Сонымен қатар, пайдаланылмай жатырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару бағытында шаруа құрылымдарына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 6 шаруа қожалықтан 3 мың 665  гектар жер қайтарылды. Ауданға берілген жоспар 2 мың 500 гектар болса, жоспар 146,6 пайызға орындалып отыр.

 

КӘСІПКЕРЛІК

Шағын кәсіпкерлік - экономиканы дамытудың маңызды тетіктерінің бірі екені белгілі. Ауданымызда экономиканың басқа да салаларымен қатар шағын кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. 2024 жылдың 1 қаңтарына ауданда 1773 шағын орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, 1694-і немесе 95,5 пайызы жұмыс жасап тұр.

Бизнес субъектілерінен жыл басынан - 67млн. 932,4 мың теңге мөлшерінде салық түсті (Оның ішінде заңды тұлғалардан –23036,5 млн. теңге, жеке тұлғалардан – 44 млн. 895,9 мың теңге).

2024 жылдың басынан өнеркәсіптік өндіріс көлемі 497 млн. 54 мың теңге, бұл нақты көлем индексі бойынша 2023 жылғы тиісті кезең деңгейімен салыстырғанда 240,1 пайызға жоғары. Өндірілген өнімнің, жасалған жұмыстың, көрсетілген қызметтердің көлемі – 465 млн. 140 мың теңге бұл нақты көлем индексі бойынша 2023 жылғы тиісті кезең деңгейімен салыстырғанда 258,2 пайызды құрады.

«Бастау Бизнес» жобасы аясында 32 адам оқу курсынан өтіп, тиісті сертификаттарын алды.

Ағымдағы жылы ауданда кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жобаларды енгізу аясында шағын және орта бизнес дамыту мақсатында «Бастау Бизнес» жобасы аясында 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 10 млн 336 мың 800 теңге болатын мемлекеттік қайтарымсыз грантты бүгінде 7 тұлға иеленді (Оның ішінде: 3 - көп балалы отбасыларға, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 2 тұлғаға, мүгедектігі бар – 2 тұлға берілді).

Ақшат ауылдық округі жеке кәсіпкер «Джалдыгулов» «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында 5,0 млн. теңге грант ұтып алып, қолғап шығаратын арнайы аппарат сатып алды. Қажетті шикізаттарға тапсырыс беріліп, жақын күндері толық қуатта жұмысын бастайтын болады. Аталған кәсіпкер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды бөлшек саудада өткізуге үшін «Aqjaiyq» ӘКК АҚ арқылы 10 млн. теңге несие алып, І сортты нан өнімін 90 теңгеден саудаға шығарып келеді.

 

АУЫЛ АМАНАТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назарда ұстап отырғаны өздеріңізге мәлім. Бұл бағытта аудан бойынша «Ауыл Аманаты» бағдарламасы негізінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар бұл бағдарламаға қызығушылық танытуда. Аудан бойынша 2023 жылы «Aqjaiyq» Әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорациясы арқылы 75 адам 2,5 пайызбен - 489,7 млн теңге көлемінде несие алып, жұмыстарын жүргізуде.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде: «Шыңғырлау-Агро» АШӨК қазіргі таңда сүт өнімдерін (сүт, қаймақ, айран, сары май, сүзбе) аудан орталығындағы «Байтерек» супермаркеті және «Самат» дүкеніне сатылымға шығарса, қалған жеке кәсіпкерлер де өз сүт өнімдерін саттықа шығарып отыр.

Сонымен қатар, «Ермагамбетов» жеке кәсіпкері фаст-фуд киоскісін, «Светлана» жеке кәсіпкері ұңғыма құдық қазу жабдығын, «Суиндыкова»  жеке кәсіпкері қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге және престеуге арналған жабдық, «Муканова» жеке кәсіпкері өзінің жеке учаскесіне 40 түп алма, алмұрт ағаштарын отырғызды, «Тайм сервис» жеке кәсіпкері тазалау қызметін және той бастар қызметін көрсету үшін құрал жабдықтарын, «Хайрушин» жеке кәсіпкері 600 шаршы метр жылыжай салып аумағына қияр отырғызды, «Лесов» жеке кәсіпкері картоп отырғызуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алып 1 гектарға картоп екті, «Инжу» жеке кәсіпкері 1 мың бас қаз балапандарын өсіріп, өз кәсібінің пайдасын көріп отыр.

Ал, үстіміздегі жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауданымызға бөлінген несие қаражаты 278 млн. 377 мың теңге (Мал шаруашылығына 139 млн. 188 мың теңге, өсімдік шаруашылығына 8 млн. 788 мың теңге, құс шаруашылығына 17 млн. 603 мың, шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін 46 млн. 885 мың теңге, кооперативтерге 65 млн. 912 мың теңге) қаражат бөлінді. Шыңғырлау ауданы бойынша несие алуға ниет білдірген 62 тұлға. Бүгінгі күні 32 өтінімі тапсырылып, оның 5-не несие берілді, 20 жоба мақұлданды, 6 жоба қаралуда, және 1 жобаға несие беруден бас тартылды.

Бағдарлама аясында несие алған тұрғындар құс шаруашылығына - 8 млн. 800 мың теңге, өсімдік, бау-бақша егуге - 15 млн. 7 мың 105 теңге, сүтті бағыттағы ірі қара малына 10 млн. 700 мың теңгеге сатып алып, өз кәсіптерін бастап жатыр.

Ауданда кәсіпкерлік субъектілері санын арттыру, салық түсімін көбейту мақсатында жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді.

 

БАУ-БАҚША

2024 жылы аудан тұрғындары 45,6 гектар жерге бау-бақша екті. Оның ішінде картоп – 9,3 гектар, көкөніс - 12,6 гектар, бақша дақылдары – 23,7 гектар.

Сондай-ақ, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 4,5 гектар аумаққа картоп, көкөніс, бау-бақша өнімдерін егілді. (Ащысай ауылдық округі 1,5 гектар жерге картоп, қарбыз, қауын, қияр, қызанақ; Шыңғырлау ауылдық округі 1,0 гектар жерге картоп, сәбіз, қызылша, асқабақ, қияр, қызанақ, қарбыз, кауын және құлпынай; Ардақ ауылдық округі 2 гектар жерге картоп)

Көкөніс, бау-бақша егуге ниетті тұрғындар болса, біздің тараптан қолдау көрсетілетінін атап өткім келеді.

 

ИНВЕСТИЦИЯ

2023 жылға және 2024 жылдың өткен кезеңіне инвестиция тарту мақсатында ауданда бірнеше жұмыс атқарылды. Ағымдағы жылы негізгі капиталға  салынған инвестиция көлемі – 796,7 млн. теңге болса, оның ішінде бюджеттік инвестициялық жобалардың жалпы соммасы – 13,3 млн. теңге, ал - 783,4 млн. теңге жеке инвестициядан.

Қазіргі таңда 292 млн. 600 мың теңгеге іске асырылып жатқан 9 жоба бар.

Ақбұлақ ауылдық округінде – 3 жоба, 84 млн.теңге; Оның ішінде 2 – жоба тұқымды ірі қара мал сатып алу («Алихан» ШҚ - 25 млн.теңге, «Акиев» ШҚ - 59 млн.теңге) және супермаркет құрылысы («Асқар» ШҚ-мен - 20 млн.теңге).

 Шыңғырлау ауылдық округінде – 5 жоба, 168, 600 мың теңге; Оның ішінде 2 - жоба дүкен, сауда үйінің құрылысы («Абдугалеев» ЖК - 70-80 млн.тг. «Турмагамбетов» ЖК - 20 млн.тг.), көлік жуу орталығының құрылысы («Айтмухамбетова» ЖК -10 млн.тг.), асыл тұқымды ірі қара малын сатып алу («ZUB SSS» ШҚ – 50 млн.теңге), тұрмыстық қалдықтарды престеу цехы («Суйндыков» ЖК - 8 млн. 600 мың теңге).

 Қарағаш ауылдық округінде – 1 жоба, 30 млн.теңге; 1 - жоба асыл тұқымды шаруа қожалығын құру («Ақбас Фарм» ШҚ - 30 млн.теңге)

Жалпы ауданға жеке инвестиция тарту жұмыстары тұрақты жалғасын табатын болады.

 

ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ

Шыңғырлау ауданы – ішкі туризмді дамытуға қолайлы, тарихи, мәдени және су ресурстарына бай мекен. Аудан аумағынан Шыңғырлау, Елек, Ащы, Шиелі, Жіңішке өзендері ағып өтсе, халық ауызында «Шыңғырлаудың жеті кереметі» аталып кеткен – Торатбас, Қыземшек таулары, Аққұм, Шоқайтерек, Қонақай көлі, Елек өзені және әлемдегі ең кішкентай Сарқырама су құламасы орналасқан.

Сондай-ақ, ауданымызға келетін туристерге арналған қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандар бар. Тоқталатын болсақ - 45 орындық екі қонақ үй, 47 сауда-саттық, 13 қоғамдық тамақтану орыны және тартылған инвестициялық жобалар нәтижесінде «Самара-Шымкент» республикалық автокөлік жолы бойында салынған «Б» санатты кемпинг (жоба құны-237 млн тг) және жанар-жағар май құю бекеті (жоба құны-740 млн тг) жұмыс жасап тұр. Бүгінгі күнге аудандағы туризмді дамытуға екі жобаларымыз бар. Оларға жеке тоқталсам:

Сарқырама құламасы – аудан орталығынан 125 шақырым, Самара-Шымкент тас жолынан далалық жолмен тікелей бару үшін 25-30 шақырым жерде орналасқан. Жаз мезгілінде Орал, Ақтөбе, Ақсай қалалары мен көршілес аудандардан 5 мыңға жуық тұрғындар келіп, демалыстарын өткізеді.

Нариман Төреғалиұлы, ақпан айындағы халықпен есептік кездесу жиынында Сіздің қабылдауыңызда болған Санат Кумашев атты азамат осы Сарқырама құламасын абаттандырып, туристерге қолайлы демалыс орнын ұйымдастыру бойынша ұсынысымен жолыққан болатын. Қазіргі таңда 3 этаптан тұратын бизнес жоспарын дайындап, жұмыстарын бастап кетті. Биылғы жылы 6 – экоүй, 1 қонақ үй (әкімшілік ғимаратымен бірге), 4-8 дана қысқы мезгілге лайықталған киіз үйлер, өртке қарсы мұнара (вышка) және 40 метрлік ұялы байланыс мұнарасын орнату жұмыстарын жүргізуде.

Ал, Сөркөл тұзын – туристік аймаққа айналдыру бойынша ниет білдірген инвестор бар. Қазіргі таңда көл аумағын құжаттарын рәсімдеуде. Инвестордың мәлімдеуінше көл аймағына туристерге қызмет атқаратын нысандар салуды көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, туризмді насихаттау мақсатында Орал-Шыңғырлау-Орал бағытында ұзақтығы 2 күн болатын «Ғылыми зерттеулерге жәрдемдесу қорының» ұйымдастыруымен Аққұм, Торыатбас тауларына джип тур өткізілді.

Жалпы жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру үшін Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай бағытындағы автокөлік жолына жөндеу жұмыстарын толық аяқтап (қалған 30 шақырым), инфроқұрылым мәселелерін шешу қажеттілігі туындап отыр.  Бұл мәселелер шешімін тапқан жағдайда ауданға келетін туристтер санын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік болар еді. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік саласының дамуына, салық түсімінің көбеюіне және жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына зор үлес қосатыны сөзсіз.

 

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

2024 жылы жалпы аудан бойынша 524 адам жұмыссыз ретінде тіркелді. Өз ісін ашып, өзін – өзі жұмыспен қамтуда ниет білдірген 7 аудан тұрғындары жалпы көлемі 10 млн 336 мың 800 теңге құрайтын қайтарымсыз грант алды.

Атаулы әлеуметтік көмек 9 отбасына тағайындалып (49 адам 35 балаға) 2399,7 мың теңге қаражат төленді.

Тұрақты жұмыс орындарына - 211 адам орналастырылды. 2024 жылы жұмыспен қамту шараларымен 224 адам қамтылды.

- Бастау Бизнес кәсіпкерлік негіздеріне – 39 адам оқытылды;

- Жастар практикасына - 28 адам жолданды;

- Әлеуметтік жұмыс орындарымен - 21 адам қамтылды;

- Қоғамдық жұмысқа - 88 адам тартылды;

- Алғашқы жұмыс орындарына - 14 адам жолданды.

- Күміс жас-17 адам жолданды.

- Ұрпақтар келісімшарты-1 адам жолданды.

- Онлайн оқыту-16.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2024 жылдың 17 шілдесіне ресми жұмыссыз болып тіркелгендер саны 524 адамды құрап тұр, немесе жұмыссыздық деңгейі 6,4%, жастар жұмыссыздығы 162 адам, немесе 2%.

 

ҚҰРЫЛЫС

2023 жылы Республикалық бюджеттен 96 млн теңге бөлініп, аудан бойынша 16 коммуналдық тұрғын үй сатып алу жоспарланып, қазіргі таңда 10 коммуналдық үй сатып алынды. Ал, үнемделген қаражатқа қосымша 6 коммуналдық тұрғын үйлер сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілді. Сонымен қатар «Қаладан-ауылға» және халықтың осал топтарына арналған тұрғын үй құрылысы Сегізсай, Алмаз, Қарағаш, Ақсуат, Амангелді, Ащысай, Ардақ және Шоқтыбай елді мекендерінде жеке кәсіпкерлер қаражатына жүргізілуде.

 

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Ауданда ағымдағы жылы көктем мезгілінде ауа-райының тез жылынып, қар суының салдарынан аудандық маңызы бар автокөлік жолдары мен көпірлердің зақымданғанын және аудан көлемінде төтенше жағдайда енгізілгенін аудан тұрғындары жақсы біледі. Төтенше жағдай салдарынан  Қарағаш (18 км), Талдысай (1 км), Шоқтыбай (6-8, 11, 14 км)  ауылдарының кіреберіс жолдары, аудандық маңызы бар Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай (54; 56-57; 62; 70; 87; 93; 100-102 шақырымдары) және Қызылкөл-Ардақ-Ақтау (17; 31; 37-38; 40-42; 46; 54; 58-58,5; 60 (көпір) шақырымдары)  жолы зардап шеккен болатын. Бүгінгі таңда бұл нысандарды ретке келтіру үшін жобалық-сметалық құжатталар жасақталуда. Қаражат бөлінген жағдайда, қалпына келтірілетін болады.

Сондай-ақ, облысымыздағы төтенше жағдайлар кезінде ауданымыздан 300-ден астам жерлестеріміз Орал қаласы мен Бөрлі ауданы, Қанай ауылындағы тасқынды алдын-алу жұмыстарына белсенді қатысқанын атап өтуге болады. Ал ауданымыздағы су басу қауіпі төңгенде шаруа қожалық басшылары, жеке кәсіпкерлер техникаларымен, мекеме, бөлім қызметкерлері, аудан жастары белсенділік танытты. Бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесінде аудан аумағында бірде-бір әлеуметтік нысан, тұрғын үй зардап шекпеді.

 

СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ

Шыңғырлау ауданы бойынша тұрғындарды орталықтандырылған таза ауыз сумен қамту деңгейі 94,4% құрап  отыр.

Күні бүгінге аудан бойынша 14-і елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал ауыз сумен қамтылмаған елді мекендер саны - 10 (Ұрысай, Жаңакүш, Торыатбас, Аққұдық, Сегізсай, Қайынды, Қотантал, Ақсоғым, Талдысай, Жіңішке). Аталған елді мекендерде жалпы саны - 543 тұрғын тұрады.

Биылғы жылы Ақсуат ауылының су құбырының және аудан орталығындағы қысымды реттейтін құрылымның су мұнарасының құрылысы жұмыстары басталды. Ал, Қарағаш ауылында су құбырының қайта құру жұмыстары аяқталды, тапсыру-қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асқаннан кейін аудан тұрғындарының 95,8 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Ал Сегізсай ауылына таза ауыз су өткізу үшін ЖСҚ-сы түзетуге жолданды. Сегізсай ауылында бүгінгі күні 142 тұрғын тұрады. Сондай-ақ Талдысай елдімекеніне модульді-блоктық кешен (КБМ) құрылғысы орнату жоспарлануда.

 

ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ

Ауданымызда көгілдір отынмен қамту көрсеткіші  100%-ды құрап отыр. Қазіргі таңда, газ құбырларының құжаттарын жасақтап, «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының теңгеріміне беру жұмыстары жүргізілуде.

 

АВТОКӨЛІК ЖОЛДАРЫ

Шыңғырлау ауданы бойынша автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 344 шақырымды құрайды. Соның ішінде: республикалық жолдар – 29 шақырым, облыстық жолдар – 39 шақырым, аудандық жолдар – 276 шақырым.

Ағымдағы жылдың маусым айында аудандық маңызы бар Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай жолының 47-62 (15 км) және 62-77 (15 км) шақырымдарына орташа жөндеу жұмыстары бастау алуда. (мердігер ұйым – «АрмСтрой» ЖШС)

Сонымен қатар, алдағы уақытта автокөлік жолдарын жөндеуді жүзеге асыру үшін келесідей жобаларға жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталып, сараптамадан өткізілді. Олар:

  • Шыңғырлау ауылының Мұхамбетов, Панфилов, Каймульдинов (2 шақырым) және Көкжайлау (0,227 шақырым) көшелерінің автокөлік жолдарын күрделі жөндеу жобалары;
  • Алмаз (2,3 шақырым) және Ақбұлақ (1 шақырым) ауылдарының ауылішілік жолдарын күрделі жөндеу жобалары;
  • Ақбұлақ ауылының ауылішілік жолдарын күрделі жөндеу;
  • Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ (0-1 шақырымы), Амангелді (0-0,8 шақырымы), Қарағаш (0-15 шақырымы) ауылдарына кірме жолдарды орташа жөндеу жобалары;
  • Қызылкөл-Ардақ-Ақтау аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жобалары (14-29, 29-44 шақырымдары);
  • Шыңғырлау-Ақшат-Сегізсай аудандық маңызы бар жолын күрделі жөндеу (88-103 шақырымы);

             Қаражат мәселесі шешімін тапқан жағдайда жоғарыда атаған жобалар да іске асырылатын болады.

             Жыл санап, күрделі істің орнынан қозғалып, жолдарымыздың ретке келтірілуі, Шыңғырлаулықтар үшін қуантарлық жағдай деп есептеймін.

 

АБАТТАНДЫРУ

Аудан аумағында абаттандыру бойынша бір қатар жұмыстар жүргізілуде. Солардың бір қатарын атап өтсем, "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында 540-қа жуық тал-теректер, 382 бұта көшеттер және 101 түп көктерек отырғызылды.

Көктемгі су тасқының алдын-алу мақсатында аудан орталығының көшелеріне арық желісін салу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, сараптамадан өткізілді (жоба құны – 253 241,25 мың теңге). Аталмыш жобаға қаражат бөлінген жағдайда іске асырылатын болады.

Аудан бойынша барлық ауылдық округтерде – 57 қосымша жарық нүктелері қойылып, істен шыққан 427 жарық нүктесі ауыстырылды.

Сонымен қатар, Шыңғырлау ауылындағы қатты тұрмыстық қалдық төгетін орынға қоршау жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні сенімгерлік басқаруға беру бойынша жұмыстар атқарылуда.

Бұнымен қоса, ауылдардағы бұқаралық спортты дамыту мақсатында Шыңғырлау ауылында ашық стадион қолданысқа берілді.

*****

Құрметті жерлестер!

         Бүгінгі таңда ауылдық аймақтардың тұрақты дамуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Үстіміздегі жыл тұрғындарымыз үшін табысты жыл болды деп мол сеніммен айта аламын.

         Осы жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының сарабдал саясатының, құрметті Нариман Төреғалиұлы өзіңіздің тікелей қолдауыңызбен аудан тұрғындарының, яғни сіз бен біздің жұдырықтай жұмыла еңбек етуіміздің арқасында іске асырылып келеді.

         Алдағы жоспарлы жұмыстарды іске асыруға бәріміз бір кісідей атсалысып, үлкен нәтижелерге қол жеткіземіз деген сенімдемін. 

                   Назарларыңызға рахмет!

Дата публикации
27 февраля 2025
Дата обновления
27 февраля 2025
Тип
Отчет

Сейчас читают

Информация
21 апреля 2025
Сообщение Территориальной избирательной комиссии Чингирлауского района о регистрации избранного акима Акбулакского сельского округа
Информация
20 апреля 2025
Сообщение об итогах выборов акима Акбулакского сельского округа Чингирлауского района
09 апреля 2025
ИНФОРМАЦИОННОЕ СООБЩЕНИЕ АКБУЛАК-2025

Социальные медиа

Аппарат акима Чингирлауского района
Аппарат акима Чингирлауского района

Меню подвал

Экранный диктор
Служба центральных коммуникаций при Президенте РК
Послания Президента РК
Государственные символы РК
Сайт Премьер-Министра РК
Сайт Президента РК
Термины и обозначения
Цели устойчивого развития
Концепция цифровой трансформации