ҚАЛА КҮНІ МЕРЕКЕСІНДЕ ОРАЛ ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА СПОРТ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

ҚАЛА КҮНІ МЕРЕКЕСІНДЕ ОРАЛ ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА СПОРТ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

Орал қаласына қарасты Зашаған кентінде облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебі пайдалануға берілді.
Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын мектепті «АОЗТ КПО б.в» компаниясының тапсырысымен «KazConstructionGroup» ЖШС салған. Спорт мектебінде болейбол, баскетбол, гандболға арналған ойын залы, боксшыларға арналған қос ринг бар. Ғимараттың барлық залдарында заманауи жабдықтар орнатылған.
—Халықтың денсаулығы — кез-келген мемлекеттің басты байлығы. Себебі спортпен айналысатын, салауатты ұрпақтан ел дамуына үлес қосатын азаматтар көп шығады. Елбасымыз осыдан бірнеше жыл бұрын еліміз бойынша кем дегенде 100 денешынықтыру кешендерін салу туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында облысымызда 10 ірі спорт кешендерін пайдалануға бермекпіз. Тағы да қуантарлық жайт, денешынықтыру нысандарын ашуға тек мемлекет қаржысын жұмсамай, жеке секторды да тартудамыз. Осы орайда, кәсіпкерлердің көмегі зор. Бүгінгі ашылғалы отырған спорт кешені соның айғағы. Бұл қала күні мерекесіне үлкен тарту болды, — деді өз сөзінде облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашылуына бокстан олимпиада чемпионы, кәсіпқой бокстан IBF Inter-Continental тұжырымдамасы бойынша әлем чемпионы Данияр Елеусінов арнайы келді. Даңқты жерлесіміз оралдықтарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, мектептің болашақ чемпиондар тәрбиелейтін орталыққа айналуына тілектестігін білдірді.