ҚАЛА КҮНІНДЕ 198 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

ҚАЛА КҮНІНДЕ 198 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Ағымдағы жылғы 18 қыркүйекте Орал қаласында 198 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қоныс иелерін облыс басшысы Ғали Есқалиев құттықтап, пәтер иелеріне кілттерін табыс етті.
Зашаған кентінде бой көтерген 9 қабатты тұрғын үй республикалық және жергілікті бюджет есебінен салынған. Құрылыс жұмыстарын «Болашақ–Т» ЖШС бір жыл ішінде салды. Пәтерлердің 81-і – бір бөлмелі, 99-ы – екі бөлмелі, 18-і үш бөлмелі.
Облыс басшысы Ғали Есқалиевтің атап өткендей, мемлекеттік бағдарлама аясында беріліп отырған бұл үйлердің арендалық бағасы – 6-12 мың теңге аралығында.
– Биыл өңірде тұрғын үй құрылысына 18 млрд. теңге бағытталды. Тұрғындарды баспанамен қамтуда жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған осы үйден көп жылдар бойы жеке баспаналарын күтіп отырған көпбалалы аналар және басқа да санаттағы азаматтарымыз пәтерлерін алуда. Осы қуаныштарыңыз құтты болсын, шаңырақтарыңыздан жылылық кетпесін, – деді Ғали Есқалиев. Сондай-ақ облыс басшысы жаңа үй тұрғындарынан алғашқы күннен бастап мүлік иелері бірлестігін құрып, тұрғын үйді күтіп-ұстауға бей-жай қарамауға шақырды.
Жаңа үйден баспана алғандардың бірі – Әлмұқановтар. Отбасын құрғандарына 11 жыл болған Ержан мен Әсел – бес баланың ата-анасы, тағы бір сәбиді күтіп отыр.
– Осы кезге дейін пәтер жалдап жүрдік. Балаларымыз кішкентай болғандықтан, қожайындар пәтерге жібере бермейді. Енді үш бөлмелі өз үйімізге қол жеткіздік. Ауданы – 83,42 шаршы метр, өзімізге ұнады, – деп қуанышын бөлісті отанасы Әсел.
Сондай-ақ осы үйден жетім балалар санаты бойынша 20 азамат пәтерлі болды. Оның ішінде «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінен бес отбасы жаңа үйге көшіп келмек. «Шаңырақ» үйінің директоры Өмірбай Қалымбеттің айтуынша, кейінгі бес жылда балалар үйінде тәрбиеленіп шыққан 300-дей азамат баспана алған.