Мемлекеттік қызметшілердің басты қағидасы «Басты міндет – елге қызмет» болса керек. Себебі халық оларға зор сенім артады. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген маманның бірі – Батиха Дюсембайқызы Киясова. Ол – Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу бөлімінің бас маманы. Батиха Киясова 1961 жылы 25 қыркүйекте Теректі ауданының Федоровка ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында білім алып, кейін замандастары секілді студенттік өмірдің дәмін сезінді. Батыс Қазақстан облысының аграрлық университетін экономика мамандығы бойынша бітірді.
Әріптесіміз еңбек жолын 1982 жылы Теректі ауданының орталықтандырылған жинақтау кассасының уақытша аға контролері лауазымында бастаған. 1982-1988 жылдары сол мекеменің аға контролері, бас есепшісі, 1988-1992 жылдары Теректі аудандық СССР банкісі бөлімшесінің бас есепшісі, аға инспектор-тексерушісі, 1992-2006 Теректі аудандық мәдениет бөлімінің ішкі саясат, мәдениет және тлдерді дамыту бөлімінің бас есепшісі, «Пойма-Агро» ЖШС-нің бас есепшісі, 2007-2020 жылдары Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бас маманы, 2020 жылдың мамыр айынан бастап облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының жұмыстар бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу бөлімінің бас маманы қызметін атқарып келді.
Күн өткен сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та, жауапкершіліктің ауқымы да кеңейіп келеді. Мемлекеттік қызметші халық пен биліктің арасын байланыстыратындықтан оларға зор міндет жүктеліп, қатаң талап қойылған. Өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы, әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуі, мәселелерді шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауы тиіс. Батиха Дюсембайқызы абыройлы қызмет атқарып, лауазымдық міндетін мүлтіксіз орындағаны үшін, жұмыс барысында қол жеткізген табыстары мен жоғары көрсеткіштері үшін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. «Мемлекеттік қызмет – ең алдымен қоғамның, азаматтардың игілігі үшін жасалатын жұмыс. Сондықтан әр қызметкер жұмысының нәтижелі болуы шарт. Ал адал еңбектің халыққа пайда әкелетіні бізді қуантады», – дейді әріптесім.
Б.Киясова сауатты, білікті қызметкер. Қызметтік міндеттерін орындау барысында басшылыққа алатын құқықтық-нормативтік актілерді зерделеу арқылы кәсіби білімін ұдайы арттырып отырды. Еңбек тәртібі мен мемлекеттік қызметшінің әдептілік нормаларын қатаң сақтайтын Батиха Дюсембайқызы ешқандай заң бұзушылыққа жол берген жоқ. Кәсіби шеберлігімен және бастамашыл да іскерлігімен көзге түскен әріптесімізді ұжымдағылардың бәрі сыйлап-құрметтейді.
2024 жылғы 25 қазаннан бастап Батиха Дюсембайқызы қызмет деген бір белестен өтіп, құрметті демалыс кезеңіне жетіп, құрметті демалысқа шығуымен басқарма қызметкерлері құттықтап, сол еңбектің зейнетін көруге жылы лебіздерін білдірді.
Құрметті демалысыңыз 100 жасқа дейін ұлассын!