БҚО-ДА СЕНБІДЕ САУДА ҮЙЛЕРІ МЕН БАЗАРЛАР ҚЫЗМЕТІНЕ РҰҚСАТ ЕТІЛДІ

БҚО-ДА СЕНБІДЕ САУДА ҮЙЛЕРІ МЕН БАЗАРЛАР ҚЫЗМЕТІНЕ РҰҚСАТ ЕТІЛДІ

Облыстық жедел штаб отырысының қорытындысы бойынша коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бағытында шектеу шараларына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Еске сала кетсек, облыс екі аптадан бері коронавирустың таралу қарқынына байланысты "қызыл" аймақта тұр.

БҚО бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен 9 сәуірден бастап сауда үйлері мен орталықтары жұмыс күндері 10.00-ден 21.00-ге дейін, сенбі күні 10.00-ден 17.00-ге дейін келушілерді 30 пайыздан асырмай жұмыс істейтін болады. Бұл демалыс күндері шағын дүкендерде адамдардың көп шоғырлануын болдырмау үшін жасалып отыр.
Азық-түлік емес тауарларды сататын дүкендерге жексенбіден басқа күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді. Азық-түлік дүкендері сағат 8.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс жасайды. Сондай-ақ 9 сәуірден бастап облыс елді мекендері аумағында түнгі сағат 00.00-ден таңғы 06.00-ге дейін жүріп-тұруға қатысты жаңа шектеулер енгізілді. Аталған шара тек коронавирустық инфекцияның бетін қайтару үшін ғана емес, мас күйінде көлік жүргізумен байланысты жол-көлік оқиғаларының алдын алу және анықтау үшін енгізіліп отыр.
Статистика бұл шараның тиімділігін алға тартады: өткен жылы 5 шілде мен 16 тамыз аралығында індетке шалдығу күшейген және түнгі қозғалысқа шектеу енгізілген кезде мас күйінде көлік басқарған 47 жүргізуші ұсталды.
Аталған шара бірінші кезекте автокөлік басқару ережесін өрескел бұзған, тұрғындар өміріне қауіп төндірген тұлғаларды анықтауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, жеке көлік иелері дәлелді себептермен түнгі мезгілде жүретін жағдайда, мәселен, медициналық мекемелерге немесе түнгі ауысымдағы жұмысқа бару үшін "109" нөміріне өтінім қалдыруы  немесе  STOPCOVID.KZ сайтына тіркелуі керек.
Өзгерістер оқыту форматына да әсер етіп отыр. Контингенті 300 оқушыға дейінгі қала және ауыл мектептері әр сыныпта 15 оқушыдан асырмай дәстүрлі форматта оқи береді.
ЖОО-лар мен колледждердің 1-курс студенттері практикалық және зертханалық сабақтарды қоспағанда, қашықтан оқыту форматына көшеді.