«ҚАЗТЕСТ» Батыс Қазақстан облысында
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы №914 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 22-24 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығы арқылы Батыс Қазақстан облысында «Қазтест» сынағының диагностикалық тестілеуі өткізілді.
ҚАЗТЕСТ – халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің, атап айтсақ, TOEFL, IELTS (ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), TÖMER (түрік тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), ТРКИ (орыс тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі) сияқты жүйелердің қағидаттары мен талаптарына негізделген, азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі.
Диагностикалық тестілеу 60 тест тапсырмаларынан тұратын келесі блоктарды қамтиды:
Тыңдалым – диалогтар және монологтарды есту арқылы түсінгенін анықтауға арналған тест тапсырмалары.
Оқылым – әртүрлі мазмұнды, түрлі стильдегі мәтіндерді оқу барысында түсінгенін тексеруге арналған тест тапсырмалары.
Аталмыш сынақтың диагностикалық тестілеуіне Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарының мемлекеттік қызметшілері және мемлекеттік қызмет көрсету мекемелерінің қызметкерлері қатысты.