«Тіл – тұтастық туы» жалпыхалықтық тіл фестивалі
2025 жылдың 5 қыркүйек күні Қазақстан халқы тілдер күніне орай «Тіл – тұтастық туы» атты тіл фестивалі өтті.
Фестивальдің мақсаты – Қазақстан халқының тұтастығын сақтап, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, талантты жастарды анықтау және қолдау, жас ұрпақтың санасына елімізде тұратын әр халықтың мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарауды сіңіру, сондай-ақ жыл бойы өткізілген шараларды қорытындылау.
Фестиваль аясында өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтарды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттау рәсімі өтті.
Аталмыш фестиваль облыстың барлық аудандары мен Орал қаласында да аталып өтілмек. Облыс көлемінде тіл айлығы аясында 80-нен астам іс-шараларды өткізу жоспарлануда.
Фестивальге облыс тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, этно-мәдени орталықтарының жетекшілері, басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, мекемелердегі тіл мамандары, жоғары және орта білім беретін оқу орындарының ұстаздары, мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілері, студенттер, БАҚ өкілдері қатысады.