«Қазақ тілінің интеллектуалдық даму өрісі: ғылым және мәдениет» атты облыстық ғылыми-теориялық семинар өтті

«Қазақ тілінің интеллектуалдық даму өрісі: ғылым және мәдениет» атты облыстық ғылыми-теориялық семинар өтті

 Халықаралық ана тілі күніне орай Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетімен бірлесе отырып, «Қазақ тілінің интеллектуалдық даму өрісі: ғылым және мәдениет» атты облыстық ғылыми-теориялық семинар ұйымдастырды.

Семинарға өңірдің зиялы қауым өкілдері, тіл мамандары, IT саласының сарапшылары, ғалымдар мен студенттер қатысты. Шара барысында қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі рөлі, терминология мәселелері және цифрлық технологиялардағы қолданысы жан-жақты талқыланды.

Басқарма басшысы Мұханғалиев Қуанышбек Жанболатұлы «Мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттары» туралы баяндаса, «Қазақ тілі – ғылым тілі» тақырыбында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев баяндама жасап, бұл мәселенің тарихи тамыры тереңде екенін атап өтті.

Семинар барысында сарапшылар мемлекеттік тілдің ғылымдағы орны мен болашағына қатысты бір қатар ұсыныстар жасады:

Қазақ тіліндегі ғылыми еңбектердің санын арттыру және оларды қолжетімді ету.

Мемлекеттік тілдегі ғылыми терминдерді жүйелеу және стандарттау.

 Қазақ тілін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға бейімдеу.

Тілдік корпустар мен мәліметтер базасын кеңейту.

Ғылым мен білім беру жүйесінде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту.