БҚО мәдениет басқармасының Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қол жеткізген жетістіктері туралы

БҚО мәдениет басқармасының Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қол жеткізген жетістіктері туралы

Облыста 678 мәдениет және өнер мекемелерінде 5030-ға жуық қызметкерлер жұмыс істейді.

Анықтама үшін: 2 драма театрлар, 2 концерттік мекеме, 360 кітапхана, 258 клубтар, 5 автоклуб, 5 кинотеатр (с.і. 3- жеке), 15 киноқондырғы, 23 музей (с.і. 2-жеке), 3 саябақ, 1 көрме залы, 3 орталық (Жастар шығармашылығы орталығы, обл халық шығармашылығы орталығы, Қ.Мырзалиев атындағы мәдениет және өнер орталығы) тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция.

Уақыттың талабы жоғары, сондықтан мәдениет мекемелері өз қызметінде Қазақстан Республикасының мәдениет саясатын жүзеге асырып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге, таланттардың үлкен сахнадан көрінуіне барынша жағдай жасап, жұмыс жасап келеді.

Мәдениет саласының жұмысы тек мәдени шара өткізумен ғана шектелмейді, біз өз саламыз бойынша нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіп,олардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, халыққа заман талабына сай қызмет көрсету мақсатында жұмыстанудамыз.Тәуелсіздік алған жылдардан бастап мемлекет тарапынан мәдениет инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударылып келеді. Стандарттарға сәйкес сапалы бой көтерген, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған  мәдениет нысандары мемлекеттік мәдени саясатты жүзеге асыруға, сонымен қатар мәдениет және өнер қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал ететіндігі анық.

Осы ретте Батыс Қазақстан облысында тәуелсіздік жылдарынан бастап бүгінге дейін мәдениет инфрақұрылымдарын дамыту жолға қойылуда.

Облыс орталығында Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театры, облыстық халық шығармашылығы орталығы, Қадыр Мырзалиев атындағы мәдениет және өнер орталығы, ал аудандарда  (Теректі, Cырым, Казталов, Қаратөбе, Бөкейордасы) кітапханасы бар 10 мәдениет үйлері жаңадан бой көтерді.

2013-2021 жылдар аралығында 50-ден астам мәдениет нысандары күрделі жөндеуден өтті.

Биылғы  жылы облыс орталығында  900 орындық «Атамекен» өнер ордасының құрылысы аяқталып, қазан айында салтанатты ашылуы өтті.

Еліміздің тәуелсіздік алған сәтінен бастап бүгінге дейін аса көрнекті тұлғалар мен маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру мақсатында облыста жалпы саны 30-дан астам монументтік өнер туындылары бой көтерді. Атап айтсақ, 2002 жылы қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы мен айбынды қолбасшы, шешен  Сырым Датұлының, 2015 жылы облыс орталығы мен Сырым ауданында Қазақстанның Халық жазушысы, ақын  Қадыр Мырзалиевтің, 2016 жылы дәулескер күйшілер  Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісованың, «Ақ Жайық» романының авторы, жазушы Хамза Есенжановтың,  2017 жылы сұрапыл соғыста ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен қаһарман қазақ қыздары – Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Хиуаз Доспанованың, 2019 жылы Жайықтың қос батыры – Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, 2020 жылы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, «Мен қазақпын» поэмасының авторы  Жұбан Молдағалиевтің елдің рухын көтерер  еңселі ескерткіштері бой көтерді.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Сталинград майданың жақын тылы атанған Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына «Қаһарман аудан» атты ескерткіш-белгілер орнатылды.

Бес ғасырға жуық  тарихы бар Орал қаласы – ескі мен жаңаның, көне мен бүгінгінің  татуласа тоғысып, көрші орналасқан қаласы. Батыс Қазақстан облысының аумағынан 2012 жылы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған «Алтын ханшайым» ғылыми әлемге жаңалық болды. Ежелгі сармат дәуіріне жататын ақсүйек әйелдің жерленген орнынан табылған алтын бұйымдар мен  әшекейлердің табылуы  мұндағы көшпелі тайпалардың мәдениет деңгейінің жоғары болғандығын көрсетті.

Еділ-Жайық арасындағы территория - кезіндегі Алтын Орданың эпицентрі болған. Зерттеушілер сол дәуірде мұнда 210 қала болғандығын алға тартса, соның бірі – қаламыздың іргесіндегі «Жайық қалашығы».

ХІІІ-ХІV ғасырларға тиесілі археологиялық ескерткіш  Орал қаласынан 12 шақырымдай жерден 2001 жылы табылды. К.Байпақов бастаған Ресей, Жапония, Германия және тағы да басқа мемелекеттердің  археолог ғалымдары ғылыми зерттеулерін жүргізді. Архелогиялық зерттеулерлер нәтижесінде кесене, тұрғынжай  мен хамам орны, шығыр құмыралар, көгілдір керамика, қызыл кірпіштер, әшекейленген тақтатас қалдықтары табылды. Өткізілген ғылыми зерттеулер өңірімізде жоғары өркениетті, өзінің өндірісі мен қолөнері дамыған орталық болғанын және ортағасырлық қалалық мәдениет қалыптасқанын дәлелдеді.

Кезінде Бөкей орда хандары Бөкей мен Жәңгірдің инаугурациясы өткен  Орал шаһарының түбіндегі «Хан тоғайы» өзінің іргетасын нақ осы Алтын орда кезеңінен тартады.  Бөкей Ордасы – қазақтардың және әлемдегі ең соңғы Шыңғысхан ұрпақтары билеген мемлекеттік құрылым. Киелі Орда топырағы «Тұңғыштар мекені» атанады. Қазақ жеріндегі тұңғыш музей мен архив, жәрмеңке мен дәріхана, мектеп пен  «Қазынашылық» мекеме, т.с.с. болып жалғаса береді. Әсіресе, Нарын құмындағы Жәңгір ханның қарағайлы орманы – еліміздің қайталанбас асыл мұрасы. Осы орайда, тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау әрі пайдалану мақсатында Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Анықтама үшін: Өңір бойынша жалпы саны 2149 тарихи-мәдени нысандар (республикалық маңызы бар -31, жергілікті маңызы бар -2118 болса, оның 131-і қала құрылысы және сәулет, 22-сі монументтік өнер құрылыстары, 1965-і археологиялық ескерткіштер) мемлекеттік тізімге енгізіліп, қорғауға алынған.

  • Бәрімізге белгілі, музейлер арқылы әр кезеңнің, әр халықтың құндылықтары зерттеліп, зерделенеді, жарыққа шығып, халықтың игілігіне айналады. Музейлердегі сақталған жәдігерлер еліміздің тарихынан сыр шертіп, өткен уақыт пен болған нәрсенің куәсі ретінде құнды.

Облыста тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттау мақсатында  23 музей, атап айтсақ, облыстық тарихи-өлкетану музейі 17 бөлімімен, Хан Ордасы музей-қорығы, Бәйтерек және Казталов аудандық музейлері және Орал қаласында 2 жеке музей халыққа қызмет көрсетеді. Музей – музей қорындағы жәдігерлермен бағалы. Бүгінде облыстық музейлердің қорында жалпы саны 206 331 жәдігер сақтаулы, оларды цифрлы форматқа аудару жұмыстары жүргізілуде.

Музейлерде тарихи-өлкетану бағытындағы мәдени шаралар өткізіліп, түрлі жобалар жүзеге асырылуда.

Музей мамандарының жетістіктері де аз емес. Атап айтсақ, 2018 жылы  мәдениет  және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фестивалі аясында «Үздік аудандық маңызы бар музей» номинациясын С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі,  2020 жылы «Музей ісі саласындағы мәдениет жанашыры» номинациясын  облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музей меңгерушісі Нұржан Төлепов және 2021 жылы «Үздік облыстық музей қызметкері» номинациясын облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев иеленді.

Өзіңізге белгілі кез келген елдің мәдени дәрежесі, ең алдымен, театр өнерінің жетістігімен бағаланады.

Бұл ретте облысымыздағы қазақ өнерінің қара шаңырағы – Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театры мен 160 жылдан астам тарихы бар А.Н.Островский атындағы театры ұжымдарының мүмкіндіктері  зор.

1992 жылы облыстық қазақ драма театры құрылып, 1993 жылы                              16 желтоқсанда Мұхтар Әуезовтың  «Қарагөз» трагедиясымен  шымылдығын ашты. Ал 2002 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен қазақ театрының жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.

Теар ұжымының тынымсыз еңбегі, іс-тәжірибемен алмасу, кәсіби деңгейін көтеру, шеберлік біліктерін дамытудың арқасында  халықаралық деңгейде жетістіктерге жетіп, еліміздің театрлары арасында өзінің ерекше орнын алған ұжым. Атап айтсақ, 2005 жылы Каир қаласында өткен VІ халықаралық театрлар фестиваліне Иран-Ғайыптың «Қорқыт»  қойылымымен, 2015 жылы  Қырымның Керчь қаласында өткен «Боспорские Агоны» антикалық ХVІІ халықаралық театрлар фестиваліне Еврипидтің «Троя арулары» қойылымымен, 2016 жылы Македонияның Велес қаласында  өткен «Стоби - 2017»  халықаралық театрлар фестивалінде  Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» қойылымымен қатысып Бас жүлделерді жеңіп алды.

Республикадағы ең байырғы театрлардың бірі саналатын А.Н.Островский атындағы драма театры орыс және шетел әдебиетінің классикасынан басқа, ұлттық драматургияға бет бұрып, әр жылдары театр сахнасында Сабит Мұқанов, Қадыр Мырзалиев, Шыңғыс Айтматов секілді ұлы тұлғалардың шығармаларын көрерменге ұсынуда. Ел өмірінің айнасына айналған театрлар күннен-күнге дамып, алыс-жақын шетелдерде өнер көрсетіп, еліміздің танылуына үлес қосып келеді.

2000-шы жылдары құрылған Жастар шығармашылығы орталығы (2002 жыл) мен  облыстық камералық оркестр (2011) қала тұрғындарының мәдени-демалысын ұйымдастыруда халыққа қызмет етіп келеді. Аз ғана уақыттың ішінде республикаға танымал болып, отандық және  шетелдік классика жұлдыздарымен жұмыс жүргізуде.

Облысымыздағы рухани өнер орталықтарының  бірі - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы халыққа қалтқысыз қызмет етіп, мәдениетке еңбек сіңірген  ақын-жазушылар мен мәдениет ардагерлерінің шығармашылық кештері, ақындар айтысы, дәстүрлі жобалармен, көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл орталықта Қазақстанның Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, Күйшілер Одағының облыстық бөлімшелері, «Күйшілер бөлмесі», «Айтыскерлер бөлмесі» орналасса, биылғы жылы ақын Жансаяның «Мусина мектебі» ашылып, төл өнер жүйріктерінің жиі бас қосатын орнына айналды.

Облыстағы мәдениет ошақтарына әдістемелік көмек беру, әуесқой өнер ұжымдарының шығармашылық шеберліктерін ұштау, облыстық байқаулар мен мерекелік шараларды ұйымдастыру бағытындағы  жұмыстарды жүргізетін  мекемелердің  бірі - облыстық халық шығармашылығы орталығы.

Облыста ғана емес, халықаралық және республикалық сахналарда өз өнерлерін көрсетіп жүрген елу жылдық тарихы бар облыстық филармонияға 1996 жылы ақиық әнші, Қазақстанның Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі берілді.

Филармония ұжымы Тайвань елі, Америка Құрама Штаты, Біріккен Араб Әмірлігі, Ватикан, Австрия мен көршілес Ресей облыстарына гастрольдік сапарлармен барып қазақ өнерімен шетелдік көрермендерді де сусындатуда.

Қазіргі кезеңде мәдениет саласы адамдардың өскелең талабын  қанағаттандыруға, рухани байлығын, жалпы қабілетін дамытуға, жоғары эстетикалық  талғамын қалыптастыруға  тиісті болса, бұл міндеттерді іске асыруда  облыс кітапханаларының  алатын орны ерекше.

Облыс бойынша мәдениет нысандарының басым бөлігін аудандарда алыс–жақын елді мекендерде орналасқан кітапханалар құрайды. Облыс кітапханаларының жүйесі жыл сайын өзгеріске ұшырап отырады. Мұның басты себебі ауыл тұрғындарының жаппай көшуі болып отыр. 1991-1995 жылдары облыста 539 кітапхана  болса,  бүгінгі таңда облысымызда 360 мемлекеттік жүйедегі кітапханалар тұрақты қызмет көрсетуде. Олар: 3-облыстық, 12-аудандық, 13-орталық балалар кітапханасы, 17-балалар филиал кітапханалары, 296 ауылдық филиал кітапханалары.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында облыс кітапханаларының қызметін пайдаланушылар саны 280 мыңнан 345 мыңға (16,4%) өсті.

Елбасымыздың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­малық мақаласы аясында ауыл тұрғындарына жаңа форматта ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсететін кітапханаларды модернизациялау  мақсатында облысымыздағы ауылдық кітапханалар жанынан 13 коворкинг орталықтары ашылды. (Ақжайық ауданында- 4 ауылдық кітапханада, Бәйтерек ауданында-2,  Теректі ауданында-2, Бөрлі ауданында- 1, Шыңғырлау ауданында-1, Орал қаласында -2, Х.Есенжанов ат.облыстық БЖК).

Ауыл кітапханаларын бүгінгі заман талабына сай оқырман сұранысына жауап беретіндей,  ақпараттық ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында 46 кітапханадан  модельдік кітапханалар ашылды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында кітап қорының электрондық базасы жасақталуда. Оқырмандарға тиімді әрі сапалы қызмет көрсету мақсатында кітапханадағы сандық форматқа көшірілген 5100 кітаптың толық мәтінді базасын жасап,  одан оқуына мүмкіндіктер жасалады. ҚАЗҰЭК порталына 683 өлкеге қатысты кітаптар қойылды.

Облыс кітапханалары түрлі шығармашылық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетуде, атап айтсақ 2018 жылы «Рухани қазына» республикалық фестивалінде  облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасы «Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханасы номинациясы бойынша бас жүлдесін, 2020 жылы  Теректі аудандық балалар   кітапханасы «Балаларға арналған үздік кітапханалық онлайн жоба-2020» номинациясын, 2021 жылы Федоровка ауылындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесі  «Үздік онлаин балалар жобасы» номинациясын, «2021 жылдың үздік жас кітапханашысы» республикалық байқауында Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық кітапханасының кітапханашысы Өтемісова Гүлдара Фархатқызы  жеңіп алды.

Күні бүгін ұлтымыздың басым көпшілігі ауылда тұрады десек, ол ауылда театр да, цирк те, филармония да, саябақ та жоғын ескеруіміз керек. Олардың барлығының қызметін бір өзі атқарып отырған - клуб нысандары.

Клуб - дегеніміз мәдениет пен өнер академиясының бірінші баспалдағы. Егер білімнің әліппесін мектеп үйрететін болса, мәдениет  пен өнердің әліппесі клубтан басталады. Әлемге танылған талай саңлақтарды қанаттандырып, өнер көгіне ұшырған да осы Мәдениет Үйлері мен клубтар.

Батыс Қазақстан облысы бойынша 263 клуб мекемесі жұмыс жасайды. Оның ішінде 12 аудандық мәдениет үйі /1 қалалық жерде Ақсай қаласы/, 108 ауылдық мәдениет үйі, 113 ауылдық клубы, 27 қалалық мәдениет үйі мен клуб /АДО қарасты Қызылтал клубы, Достық үйі – Ақсай қаласы/, 5 автоклуб /ауылдық жерде/.

Облыс бойынша 1991 жылдан бері 99 мәдениет мекемесі ашылды, 10 мәдениет мекемесіне жаңадан ғимарат салынды, 218 мәдениет ғимаратына жөндеу жүргізілді.

Өздеріңізге белгілі, клубтарда университет, консерватория бітірген әртіс немесе кәсіби өнер ұжымдары болмайды. Тек қана көркемөнерпаздар үйірмелері бар.

Ұлттық өнердің желісін үзбей халқымыздың асыл мұрасы ретінде бағалап, оларды көздің қарашығындай сақтап ілгері дамытып кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген облысымыздағы  «Халықтық» (Үлгілі) атақты көркемөнерпаз ұжымдар саны облыс бойынша 1991 жылы 19 ұжымы болса, жыл сайын ұжымдар саны көбейіп, 111-ге жетті.       Аудандарда тарихы терең «халықтық» атағы бар  111  би және хор ұжымдары, театрлар мен ансамбльдерінде 3010 адам қалтқысыз қызмет етуде.  Ауыл мәдениетін дамытуға бұл үйірмелердің қосатын үлесі зорҚоғамдық негізде жұмыс жасайтын ұжым өнерпаздары өнерді қастерлеп, ауылдағы барлық мәдени-көпшілік шараларды өткізуге ынталы түрде атсалысып келеді. Бұл өнер ұжымдары шет мемлекеттерде Халықаралық, республикалық, байқауларда топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып келеді. Атап айтсақ: 40 жылдық тарихы бар халықтық «Ақжайық» және үлгілі «Қызғалдақтар» би ансамблдері, Казталов ауданының үлгілі «Қыз Жібек» термешілер ансамблі шет мемлекеттерде- Чехия, Германия, Болгария, Венгрия, Ресей елдеріне өнер көрсетіп, қалың жұртшылықты таң қалдырып, қазақтың қара домбырасын әлемге танытып жүрсе, еліміздегі VІІІ-ХІ Халықаралық «Ақ көгершін», «Жеті өнер», «Самға жұлдыз» байқау-фестивальдерінің Гран-При жеңімпазы.

Қазіргі таңда облыс бойынша жақсы дамыған өнердің түрі – би жанры. Өңірімізде жалпы 208 би үйірмесі, қатысушылар саны – 3722, «Халықтық» (үлгілі) атағы бар 28 би ұжымы-оның 8 «халықтық» және 20 «үлгілі» атағы бар. Аудандық би ұжымдарының ішінен облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатынасып өнер көрсетіп жүрген Бөрлі аудандық үлгілі «Назерке» би ансамблі, Теректі аудандық үлгілі «Жұлдыз» би ансамблі, Казталов аудандық халықтық «Қарлығаш» би ансамблі, Жаңақала аудандық үлгілі «Нұрбибі» би ансамблі үнемі шығармашылықта ізденіс үстінде жүретін ұжымдар.

Қазіргі уақытта аудан орталықтарында 12 «халықтық» театры көрермендеріне салмақты ой салатын қойылымдарын ұсынып, толассыз еңбектенуде. Өткен жылы 10 жаңа қойылым қойылды. Материалдық базасын нығайту және жеткен жетістік саны бойынша Бөрлі аудандық халықтық «Мұрагер» театры алдынғы қатарда келеді. Ал жаңаша қойылымдарды сахналау бойынша Жалпақтал ауылдық М.Ғұмаров, «Дат» Теректі, Жәнібек, Тасқала, Шыңғырлау аудандары озып тұр.

Биылғы жылы балалардың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру, дарынды балаларға қолдау көрсету, театр өнеріне қадам басқысы келетін жас буынға жол ашу мақсатында Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің жанынан ​«Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театры құрылып, жаңа маусымдық прьемерасы А.Атымтаеваның «Кім патша?» ертегісімен ашылды. Болашақта барлық аудандарда балалар мен жасөспірімдер қоғамдық театрын ашу мүмкіндіктері қарастырылуда.

Қоғамның болашағы - балалардың бос уақытын тиімді пайдалану және өнерге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында облыс бойынша 952 балалар үйірмесі, 12500 қатысушысы болса, қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің 23 клубтық мекемесінде 82 үйірме, 1928-ге жуық бала тәрбиеленуде. Бұл ақысыз тегін үйірмелер. Облыста ақылы негізде қызмет көрсететін шығармашылық үйірмелер өте көп.

Өткен жылы ҚР «Мәдениет туралы» Заңына мемлекеттік шығармашылық тапсырыс туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, облысымызда мемлекеттік шығармашылық тапсырыс  жүзеге асырылуда.

Биылғы жылы облысымызда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, күйші-композиторлар Дина Нұрпейісова мен Сейтек Оразалыұлының 160 жылдығына, әнші-композитор Мұхит Мерәліұлының 180 жылдығына, композитор Базарбай Жұманиязовтың, күйші Айтжан Тоқтағанның, Тұяқберді Шәмілов пен Орынбай Дүйсеннің шығармашылығына, Бөкей Ордасы хандығының құрылғанына 220 жыл және Жәңгір хан мектебінің ашылғанына 180 жыл, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының құрылғанына 150 жыл толуына арналған іс-шаралар өтті. оның бәріне өздеріңіз куә болдыңыз.

Сөзімді қорытындылай келе, айтарым, өркениеттілік елдің экономикалық қуатымен, әлеуметтік жетістігімен ғана емес, ұлт мәдениетінің деңгейімен, қоғам мүшелерінің рухани құндылығымен  де  өлшенеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біріншіден, халықтың орасан мол мұрасын, соның ішінде, осы заманғы ұлттық мәдениетін, фольклорын, дәстүрі мен салттарын зерделеудің біртұтас жүйесін жасауды ұсынамын» деген болатын.

Осы талап үдесінен шығу үшін мәдениет қызметкерлері аянбай еңбектенуде. Облыс мәдениетінің кешегісі мен бүгіні және болашағына байланысты аналитикалық сараптау, кешенді зерттеулер мен бағамдауға құрылған өткір, ой саларлық кездесулер ұйымдастыру жоспарда бар. Бұндағы басты мақсат, облыс мәдениетінің мерейін үстем ететін шығармашылық оң өзгерістерге жол салу. Атқарар істеріміз, шығармашылық ізденісәіміз облысымыздың мәдениетін дамытуға бағытталатынына  сенім білдіремін.