«Тәжірибе алаңы: Тіл. Әдістеме. Нәтиже» атты әдістемелік семинар өтті

«Тәжірибе алаңы: Тіл. Әдістеме. Нәтиже» атты әдістемелік семинар өтті

2026 жылғы 23 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысында қазақ тілін оқыту әдістемесіне арналған «Тәжірибе алаңы: Тіл. Әдістеме. Нәтиже» атты әдістемелік семинар өтті. Іс-шараны Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, Батыс Қазақстан облыстық әдістемелік орталығы және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы БҚО филиалы ұйымдастырды.

Семинарға қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын педагогтер (өзге этнос өкілдері – 16 адам) қатысып, тәжірибе алмасты. Кездесудің басты ерекшелігі – теориядан гөрі нақты тәжірибеге, тиімді әдістемелік шешімдерге және оларды сабақта қолдану жолдарына басымдық берілуі.

Семинар барысында білікті мамандар шеберлік сағаттарын өткізді:

- Камшат Жумашева, PhD, М.Өтемісов атындағы БҚУ қауымдастырылған профессоры – педагогикалық тәжірибені ғылыми-әдістемелік мақалаға айналдыру жолдарын көрсетті.

- Әлима Дүйсмағанбетова, педагог-зерттеуші, PhD докторант, кәсіби даму сарапшысы – тілдік әрекетті жобалау, тіл үйренушінің сөйлеуге дайындығын қалыптастыру және тілдік орта құру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар scaffolding әдісінің сабақтағы тиімділігіне тоқталды.

- Әсел Жақыпжанова, педагог-сарапшы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулығының авторы – айтылым мен жазылым дағдыларын дамытуға бағытталған тиімді әдістермен бөлісті.

- Қазақ тілін сапалы оқыту – тиімді әдісті таңдаудан ғана емес, мұғалімнің өз тәжірибесін зерттеп, талдап және үздіксіз жетілдіруінен басталады.

Осындай кәсіби кездесулер педагогтердің тәжірибе алмасуына, жаңа әдістерді меңгеруіне және сабақ үдерісін жетілдіруіне мүмкіндік береді.