Оралда «Алтын көпір» халықаралық форумы өтті

Оралда «Алтын көпір» халықаралық форумы өтті

2026 жылғы 2–5 қыркүйек аралығында Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында шетелде тұратын этникалық қазақтардың басын қосқан «Алтын көпір» халықаралық форумы өтті.

Форумның негізгі мақсаты – шетелдегі қазақтармен мәдени және қоғамдық байланыстарды нығайту, ұлттық бірегейлікті, ана тілін, тарихи жадты, салт-дәстүр мен рухани мұраны сақтау, сондай-ақ тарихи Отан мен шетелдегі қандастар арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту.

Халықаралық форумға Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Ресейден келген қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдері, ғалымдар, тарихшылар, оқытушылар, кәсіпкерлер, мәдениет және қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Мәдени-танымдық бағдарлама аясында шетелдік қонақтар Орал қаласының тарихи және мәдени нысандарымен танысып, Батыс Қазақстан өңірінің тарихы туралы мағлұматалды. Сондай-ақ Хан Ордасы тарихи-мәдени музей-қорығына, музейлер мен тарихи орындарға бару ұйымдастырылды. Мәдени кездесулер барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Форумның негізгі отырысы барысында шетелдегі қазақ тілін сақтау, ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр мен мәдени мұраны дәріптеу, қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының қызметі, жастарды қолдау және халықаралық мәдени, ғылыми, білім беру және іскерлік ынтымақтастықты дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Қатысушылар өз елдеріндегі қазақ қауымдастықтарының тыныс-тіршілігі, ана тілін сақтау және ұлттық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.

 «Алтын көпір» халықаралық форумы шетелдегі қазақтар мен тарихи Отан арасындағы байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасуға және жаңа бірлескен жобаларды қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Іс-шара қорытындысы бойынша шетелдегі қазақ ұйымдарымен мәдени, ғылыми, білім беру және қоғамдық бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар айтылып, бірлескен жобаларды жүзеге асырудың перспективалары айқындалды.

«Алтын көпір» – шетелдегі қандастарды тарихи Отанымен байланыстыратын, ұрпақтар сабақтастығын сақтайтын және елдер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын рухани көпір.