
Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы және «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы 2026 жылдың 28 мамыр күні республикалық семинар ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект арқылы мемлекеттік тілді дамытудың жаңа жолдарын талқылау, озық тәжірибені тарату және тілдерді оқыту орталықтары мамандарының біліктілігін арттыру.
Семинарға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің тілдерді дамыту саласының мамандары, тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, ғалымдар, IT-сарапшылар, оқытушылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Пленарлық отырыста академик, ф.ғ.д., профессор, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы білім беру мен технологиялардағы жаңашылдық туралы баяндаған болса, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің Әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының басшысы А.Қ.Көкен цифрлық дәуірде тіл үйретудің жаңа әдістерін таныстырды.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық «Тіл-Қазына» орталығының директоры М.Қ.Жұмабай ұлттық тіл корпустары мен нейрожелілер туралы баяндаса, Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері Т.Б.Рамазанов AI-әзірлемелер мен цифрлық ресурстар тақырыбын қозғады. Медиа-сарапшы Н.Н.Рахманов қазақ тілінің интернет кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігі мәселесі туралы баяндады.
Іс-шараның практикалық бөлігі секциялық жұмыспен жалғасты. Секция барысында Ақтөбе облысынан Г.Төлегенова ЖИ-тьютор мен геймификация арқылы тіл үйретудің жаңа тәсілдерін, Қостанай облысынан Б.Ахметжанова жасанды интеллекттің тіл оқытудағы мүмкіндіктері туралы баяндаса, Орал қаласынан Ә.Дүйісмағанбетова AI мен қазақ тілін оқытудың инновациялық үлгілерін таныстырды. Шеберлік сағаттарынан кейін сұрақ-жауап, ойталқы өтті.
Семинар аясында мемлекеттік тілдің дамуына, оның қолданыс аясының кеңеюіне өзіндік үлесін қосып жүрген еліміздің бір топ азаматтары марапатталды.