24 сәуір күні Орал қаласында Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамыту және қазақ тіліндегі цифрлық контенттің үлесін арттыру мақсатында «Уикипедияға мақала орналастырудың алгоритмдері» тақырыбында оқу семинары өткізілді.
Аталған іс-шара Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге және интернет кеңістігінде сапалы қазақ тілді мазмұн қалыптастыруға бағытталды.
Семинарға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басышы Қ.Рахымжанов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы А.Дауткулова, сондай-ақ сала мамандары, өңірлік ЖОО-ның оқытушылары мен облыстық басқармаларының мамандары қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар Уикипедия платформасында мақала жазу мен жариялаудың негізгі талаптары, ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету, дереккөздермен жұмыс жасау, сондай-ақ мақалаларды рәсімдеу стандарттары бойынша жан-жақты мәлімет алды.
Сонымен қатар, қатысушыларға практикалық тапсырмалар ұсынылып, өз бетінше мақала әзірлеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқыту семинарлары қазақ тіліндегі сапалы контенттің артуына және ашық білім ресурстарын дамытуға оң ықпал етеді.
Шара қорытындысы бойынша қатысушыларалдағы уақытта Уикипедия кеңістігінде белсенді жұмыс жүргізіп, қазақ тіліндегі мақалалар санын көбейтуге үлес қосуға дайын екендерін білдірді.