БҚО-да тіл фестивалі өтті

БҚО-да тіл фестивалі өтті

БҚО-да тіл фестивалі өтті

5-қыркүйек күні «Атамекен» өнер ордасында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне және Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған «Тіл – тұтастық туы» атты жалпыхалықтық тіл фестивалі өтті.
Фестиваль шымылдығы «Абай аманаты» атты театрландырылған тағылымды һәм тәлімді көрініспен ашылды. Әрі қарай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өңірдегі тіл саясатын іске асыру бағытында атқарылған жүйелі жұмыстары туралы дайындалған бейнебаяны көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты іс-шарада, ең алдымен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев құттықтау сөз сөйледі.
- Баршаңызды Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ тілінің қасиеті – тереңдігінде, құдіреті – халықты ұйыстыра алуында. Тілімізді дәріптеп, ұрпаққа аманаттау – бәріміздің азаматтық парызымыз. Өңір жұртшылығын мемлекеттік тілдің абыройын асқақтатуға, оның қолданыс аясын кеңейтуге, жас ұрпаққа ардақтап жеткізуге үлес қосуға шақырамын. Мемлекеттік тіліміз мәңгі жасай берсін! – деді облыс әкімі.
Мұнан кейін өңір басшысы Н.Төреғалиұлы мемлеттік тіл мәртебесін үстем қылып, оны қай кезде де дәріптеп, ел іші, қоғам ортасында дамуына зор үлесін қосып жүрген бір топ тіл жанашырларын марапаттады. Соның ішінде профессор, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаевқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі табыс етілді. Басқа да тіл тұғырын биік ұстаған жерлестерімізге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаты, облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Сонымен қатар халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының алғыс хаты және облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының арнайы номинацияларымен бірқатар ұжымдар, кәсіпкерлер марапатталды.
Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан тіл фестивалі зал толы көрерменнің көңіліне көтеріңкі рух сыйлап, тілім деп тебіреніп келген елдің абырой-айбынын асырып, әдемі бір нотада мәресіне жетті.