«Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі» атты кешенді кездесулер өткізілді
Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі» атты кешенді кездесулер өткізілді.
Кешенді кездесудің басты мақсаты – мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ уәкілетті органдар мен қоғам арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында тәжірибе алмасу.
Шараға қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы арнайы қатысып, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы, Бәйтерек, Тасқала және Теректі аудандарының жергілікті тұрғындарымен кездесті.
Кездесулер барысында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Света Ганиева тіл заңнамасына енгізілген өзгерістерге тоқталып, қатысушыларды толыққанды ақпаратпен таныстырды.
Сонымен қатар, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филология факультетінің деканы, философия докторы (PhD), «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Айдарбек Ақболатов пен БҚИТУ-дың қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, «Облыстық қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Абдулманов бірлесіп әрекет етуге, мемлекеттік тіл мүддесіне бағытталған жобалар аясында жұмыла жұмыс жасауға шақырды.