«Мемлекеттік тіл – кеңсе тілі» атты шеберлік сағаты өтті
Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелердің және кәсіпорындардың іс жүргізуші мамандарына арналған «Мемлекеттік тіл – кеңсе тілі» тақырыбында 2025 жылдың 16-19 маусым күндері аралығында төрт күндік оқыту курсы өткізілді.
Мақсаты – мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізудің нормативтік талаптары бойынша білімді жүйелеу, кеңсе құжаттарын сауатты әзірлеу дағдыларын дамыту, ресми жазудың бірыңғай стандарттарын қалыптастыру, сондай-ақ кеңсе қызметкерлерінің күнделікті іскерлік қарым-қатынаста қазақ тілін кәсіби деңгейде қолдану құзыреттілігін арттыру.
Курс барысында мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуге қойылатын нормативтік талаптар, ресми стильдің нормалары, құжат мәтініндегі терминдердің дұрыс қолданылуы, аударма сапасы мен емле ережелері кеңінен талқыланды.
Курс бағдарламасы аясында қатысушыларға тәжірибелі мамандар шеберлік сағаттарын өткізді:
Ниетова Айгүл Серікқызы – М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың аға оқытушысы, магистр. Ол ресми стиль ерекшеліктері мен аудармадағы тілдік бірізділік мәселелері жөнінде мазмұнды ақпарат ұсынды.
Абдулманов Алтынбек Әбутәліпұлы – БҚИТУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты. Ол іс қағаздарындағы термин қолданысы мен аударманың дәлдігіне ерекше тоқталды.
Қабдолла Самал Қабдоллақызы – Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің ведомстволық архивтермен жұмыс бөлімінің басшысы м.а. Іс жүргізудің нақты талаптары мен құжаттарды ресімдеу тәжірибесімен бөлісті.
Курс соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, мемлекеттік тілдегі ресми жазылымды дамытуға қатысты ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.